383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендегі IT-фестивальде 100-ге тарта жоба таныстырылды

  • 207
  • UPD: 14:01, 19.05.2019

Жеті адамның күші бар экзо-қаңқа.

Жер жыртуда алдына жан салмайтын электрлі шынжыр табанды техника. Бұның барлығы шығысқазақстандық өнертапқыш өрендердің қолынан шыққан қайталанбас дүниелер. Өскеменде осындай ерекше жобаларды таныстыруға арналған Jastar Time IT-фестивалі өтті. Осымен 7-жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты – ақпараттық технология саласындағы үздік туындыларды насихаттау.

Биылғы IT-фестивальге 200-ден астам жас қатысып, 100-ге тарта жоба таныстырылды. Бұл жерде небір тың идеяларды көруге болады. Келгендердің көбін әсіресе Ділдар Нұрсұлтаның кескін келбеті таң қалдырды. Үсті-басын темірмен құрсап алған ол өзін экзо-қаңқаның үлігісі ретінде сомдапты. Айтуынша, бұл жоба құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, олардың  қиын кедергілерді еңсеруіне мүмкіндік береді. Адамның күшін арттырады. Өзге де қасиеттері жоқ емес.

Ділдар Нұрсұлтан, 11 сынып оқушысы:

- Менің экзо-қаңқам 10 қызметкердің орнын баса алады.   Өмірде мүгедек адамдарға протез ретінде қолдануға болады немесе кәрі адамдар күші жетпейтін жұмыстарға осыны қолдануға болады.

Ал Аягөзден келген Саятбектің жобасы диқандар үшін таптырмас дүние. Бұл электрлі шынжыр табанның алмайтын асуы жоқ. Жол талғамайды. Жанармайдың орнына күн батареясы қолданылады. Комбайнға қосарлауға да ыңғайлы. «Жер жыртуда теңдесі жоқ», – дейді жас өрен.

Саятбек Мейрамбеков, сайысқа қатысушы:

- Бұл электр шынжыр табан өтімділігі өте жоғары және басқа тракторлармен салыстырмалы түрде мықтырақ болып келеді. Ол көптеген жұмыстар істейді. Жер жырту, тағы басқа жұмыстарды бірге атқарады.

Глубокое ауданынан келген Данил мен Станислав болса өз күштерімен физиканы үйренудің қосымша әдістемесін жасапты. 1 сынып оқушысы Азиз Уалиханов әйгілі ойыншық автоматты қолдан құрап, ал Эльдар Рахымбаев өз идеясымен жасаған экскаваторын көрсетті. Өнертапқыштардың әлеуеті келгендерді тәнті етті. «Бұндағы біраз жоба нақты бір салада қолданылуы әбден мүмкін», – дейді ұйымдастырушылар.

Сергей Коваленко, «Өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының» директоры:

- Болашақта біз осы жобалардың бәрін болмаса да кейбірін  өндірісте немесе өзге де салаларда қолданамыз деген үміттеміз. Мәселен, ауыл шаруашылығы немесе инженерия  бағытына қажетті бірнеше ұтымды дүниелерді табуға болады.

Фестивальге қатысушылардың арасынан ең үздіктерін  әділқазылар алқасы анықтайды. Осылайша мықты жобалардың нақты істе қолданылуына мүмкіндіктер жасалмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы