383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында 300-ден астам түлек «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер

  • 263
  • UPD: 15:17, 25.05.2019

Жамбыл облысында биыл 9 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олардың 300-ден астамы «Алтын белгі» төс белгісіне және 245 түлек үздік аттестатқа үміткер. Бүгін аймақтағы 446 мектепте соңғы қоңырау соғылып, ұстаздар мен оқушылар оқу жылын қорытындылады.

Биылғы оқу жылын жамбылдық оқушылар табысты аяқтады деуге болады. Жаңа ғана аймақтың барлық мектептерінде бір мезетте соңғы қоңырау соғылып, тағы бір оқу жылы артта қалды. Оқушылардың жүздерінде қуаныш пен қимастық сезімдері көрініп-ақ тұр.

Ал біз қазір Білім алаңында тұрмыз. Бүгін негізгі мерекелік шаралар осы жерде ұйымдастырылған. Таңертеңнен бері 1000-ға тарта түлек жиналып, ата-аналар мен ұстаздар абыр-сабыр күйде жүр. Жастар алаңға шығып, «Түлек вальсін» билеп, арман-тілектеріміз орындалсын деген ниетпен көкке көгершін ұшырды. Мектеп, ұстаздар туралы ән айтылып, ерекше көңіл-күй сезіледі. Бұл – облыс бойынша өтіп жатқан ең ауқымды әрі салтанатты шара.

Айта кету керек, биыл жергілікті 292 орта мектеп түлектер кешін өткізуден бас тартты. Мол дастархан, сәнді киім, серуендеуге арналған кортеж жалдап, шығынға батпас үшін оқушылар осындай тоқтамға келді. Оның орнына қайырымдылыққа жұмсауды жөн санаған. Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, мектеп бітіру кешіне орта есеппен ұл баланың қажеттілігіне 100-150 мың теңге қажет. Ал қыздарға 150-ден 200 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалатын көрінеді.

Өңірде күндізгі білім беретін мектептер, жалпы білім базасы жақсы көрсеткішке ие. Дегенмен аймақта әлі де үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер бар. «Бұл жеткіншектердің білім алуына кедергі келтіріп отырған жоқ», – дейді мамандар.

Рахия Тұрмағанбетова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Нәтижеміз жоғары. Бір ғана мысал келтіріп өтейін, біздің оқушылар республикалық олимпиада 7-жыл, ғылыми жобалар байқауларында 6-жыл қатарынан командалық бірінші орынды иеленді. Ал халықаралық білім сайыстарында 150 оқушымыз жүлдегер болып отыр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Хабар 24 телеарнасы