387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда колледж бітіргелі отырған түлектерге еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды

  • 411
  • UPD: 08:16, 26.05.2019

Күні ертең оқу бітіріп, маман атанатын жастар жұмыссыз қалмауы тиіс.

Осы мақсатта Атыраудағы жоғарғы техникалық колледжде енді санаулы күндерден кейін диплом алатын студенттер үшін еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға жергілікті колледждерді бітіруші және соңғы курстарда білім алып жатқан студент жастар қатысты.

Жайсаң Көсікбаев екі аптадан соң дипломын қолын алып, кәсіби білімі бар маман ретінде еңбек нарығына жұмыс іздеп шығары анық. Болашақ кәсібі ретінде мұнай-газ саласы мамандығын таңдаған. Ертең «кеңсе жағалап, табалдырық тоздырып жұмыс іздеймін-ау» деп мұңайып жүргенде жұмыс берушілер өздері келді.

Жайсаң Көсікбаев, студент:

- Биыл 3-курс, соңғы жылымыз. Бұйыртса, диплом алып осындағы жақсы-жақсы компанияларға орналасамыз деген үміттеміз. Өз білімімізді енді дәлелдеуіміз керек. Мамандағым бұрғылаушы мұнайшы. 

Бүгінгі еңбек және бос орындар жәрмеңкесіне 22 жұмыс беруші компания өкілдері қатысты. Олар еңбек нарығы саласындағы сан алуан мамандық бойынша 150 бос жұмыс орнын ұсынды.

Аманжол Наурызбай, жұмыс беруші:

- Биылғы оқу жылын бітіретін студенттер арасынан білікті, жақсы мамандар қарап жатырмыз. Соның ішінде электрик, инженерлер, құбыр бағытында, клапанды қараушы және де бірнеше тілді білетін, жақсы меңгерген мамандарды іздестіріп жатырмыз. Бүгінгі ярмарканың қорытындысында өзімізге қажетті мамандарды табамыз және де өзіміздің жергілікті студенттер қатарынан жақсы, шебер, тәжірибелі мамандар дайындап шығаруға өзіміздің де үлесімізді қосқымыз келеді.    

Оқу ордалары мен жұмыс беруші компаниялар арасындағы осындай әріптестік-іскерлік  байланыс  жеке кәсіпорындарға алдағы уақытта бәсекеге қабілетті білікті маман таңдап алуға да мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан да мұндай еңбек жәрмеңкелері мен ірі кәсіпорындар арасындағы кәсіби біліктілікті дамыту жобалары жиі-жиі ұйымдастырылатын болды.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы