389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ескі шаһар Сарайшықтың құпиясын ашатын карта табылды

  • 597
  • UPD: 15:19, 26.05.2019

Осыдан екі жыл бұрын Мәскеудегі мемлекеттік әскери архивтен табылған көне карта батыстағы ескі шаһар Сарайшық тарихын зерттеушілерге тың мәлімет ұсынды.

Атырау қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан Хан Ордалы Сарайшық қаласының іргесі 13 ғасырда қаланып, кейін қазақ хандығының астанасы мәртебесіне дейін өскен. Ұлы Жібек жолы бойындағы кіндік қалалардың бірі туралы аңыздар жеткілікті. Бұған дейін Сарайшықтың үштен төрт бөлігі Жайық өзенінің астында қалды делініп келген.  Енді тарихшылар жуырда табылған карта негізінде көптеген құпияның бетін ашпақ. 

Ұлы Жібек жолымен сапарлаған талай саяхатшы Сарайшықтың сәулеті мен мәдениеті туралы көптеген жазба қалдырды. Зәулім сарайлар, мұнаралы мешіттер мен монша, тіпті батыс өңірдегі алғашқы су құбыры да осы көне шаһарда болған. Мұнаң барлығы заманында Сарайшықтағы әсем ғимараттарды тұрғызу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен шақырылған шеберлердің қолтаңбасы. Озық өнер үлгісі. Алайда, ұзақ уақыт тонауға ұшырған жауһарлы шаһардың бізге тек орны мен ақиқатқа бергісіз аңызы ғана жетті. Себебі, Жайық өзеніне тақау орналасқан қаланың көп бөлігі су астында қалды.  Ал сақталып қалған жәдігерлердің орны да анық емес еді. 

Айбек Тұрарұлы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері:

- Біздің зерттеушілер 2017 жылы Мәскуеудегі мемлекеттік әскери мұрағаттан карта тапты. Ол карта 1861 жылы әскери топограф Алексеевтің сызбасы. Осы сызбаға қарап көне шаһардың тең жартысы тіпті, цитадель сақталып қалған деуге негіз бар. 

Осы сызбаны басшылыққа алған ғалымдар цитадельдің орнын тауып қазық қақты. Егер қазба жұмысы жемісті болса, талай сырдың ашылары анық. Оған негіз де бар. Таяуда археологтар үлкен ғимараттың іргетасына тірелді. 

Мир Әбдіғалиев,  археолог:

- Сарайшық қаласы Жайық жағалауында ғана емес сонымен қатар оңтүстікке қарай созылып жатқан. Ол нені білдіреді? Бұл қаланың 50-60 проценті сақталып қалған дегенді білдіреді. Осыған сәйкес, қала орнына алдағы уақытта да қазба жұмыстарын жүргізе береміз.

Сарайшықтың атын шығарған тағы бір аңыз: әйгілі Секеркөліне қатысты. Оны батыс ұлыста билік құрған 7 ханның бірі жасатқан. Ханның қызы сол көлге алтын қайықпен серуендеп аққуларды тамақтандырады екен. Құс төресіне арнап көлге үнемі қант сеуіп отырған. Содан көл «Секеркөл» атанған делінеді аңызда. Кейін ханша әлдеқалай өмірден озып, хан оны алтын қайығымен қосып жасырын жерлепті. Ғасырдан ғасырға жалғасқан көне аңыз бойынша ел әлі күнге сол алтын қайықты іздеп келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Ал табылған картада жасанды көлдің сызбасы бар. Демек, аңыздың ақиқатқа айналуы әбден мүмкін.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы