382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да қаңырап бос қалған колледж ғимараты жөнделіп жатыр

  • 198
  • UPD: 02:48, 28.05.2019

Біздің арнаның тілшілері өткен күзде Шығыс Қазақстандағы 60 жылдық тарихы бар Үржар колледжінің студенттері 5 жылдан бері жатақханада оқып жүргенін айтып, дабыл қаққан.

2013 жылы бас оқу ғимаратын күрделі жөндеуге мемлекеттен 77 миллион теңге бөлінгенімен мердігер компанияның жауапсыздығы салдарынан жұмыс аяқсыз қалған еді. Облыстық әкімдік журналистердің өткір репортажынан кейін мәселеге мән беріп, тиісті қаражат бөлді. Қазір нысанда қарқынды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жауапсыз мердігердің кесірінен 320 бала білім алуға лайықталған бас ғимараттың кейпі қазір осындай халге түскен. Жарым-жартылай атқарылған сапасыз жұмысты мына аңғал-саңғал терезелерден-ақ байқауға болады. Тіпті оларға сот шешімімен 25 миллион теңге айыппұл салынғанмен, әлі күнге өндірілмепті.

Осыдан 6 ай бұрынғы Үржар колледжі туралы репортажымыз осындай қорқынышты көріністермен басталып еді.

Ал қазір жағдай түбегейлі өзгерген. Облыстық бюджеттен оқу корпусын күрделі жөндеуге 169 миллион теңге бөлініп, мердігерлер білек сыбана іске кірісіпті. Бұған дейін атқарылған шала-шарпы жұмыстардың барлығы толығымен қайта жасалып жатыр.

Дәулет Төлеубеков, мердігер компания өкілі:

- Біздің алдымызда құрылыс жүрген. Ол құрылысты біз 100 процент қайтадан бұзып, бәрін қайтадан жасап жатырмыз. Құрылысты аяқтау мерзімі қазан айында, біз Құдай қаласа, қыркүйектің біріне дейін жылдам, тез, уақытынан бұрын тапсыруға тырысамыз.

Жөндеу жұмыстарына 80 адам, бірнеше техника тартылған. Құрылыс материалдары отандық әрі сапалы деп сендіреді мердігерлер. Биология, информатика, химия сияқты кабинеттер толық заманауи құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Бір сөзбен шәкірттердің сапалы білім алып шығуына барлық жағдайлар жасалады.

Сабырбек Сәбитов, Үржар колледжінің аға оқу өндіріс шебері:

- Хабар агенттігінің журналистерінің арқасында бұл кісілер қоян-қолтық осында келіп бірнеше рет жұмыстар жасап, сол жұмыстың нәтижесінде осы кісілерге үлкен рахметімізді айтамыз. Үлкен еңбек сіңірді, жоғары жақта шешілмей жатқан көптеген мәселелерімізді шешіп берді. Ғимарат бітетін болса, біздің оқушыларымыз кәсіптік білімін жалғастырып, ауданға және Қазақстанға әр түрлі мамандықтар беруіне мол мүмкіншілік туайын деп отыр.

Қанағат Шарахметов, Үржар колледжінің директоры:

- Алакөл бүгінде туристік кластерге айналуына байланысты біз осы Алакөлге қажетті қызмет көрсету мамандықтарды ашсақ па деген ойымыз бар. Бүгінгі таңда Үржар ауданында үлкен ұлттық табиғи қорық ашылды. Осы қорыққа да мамандар өте қажет. Бас оқу корпусы іске қосылатын болса, біз осы дайындап отырған мамандыққа қосымша 4-5 мамандық қосып оқытуға толық мүмкіндігіміз бар.

Колледжде қазір 200-ге жуық ауыл баласы ауылшаруашылығы фермері, дәнекерлеуші, аспаз, ветеринарлық санитар сияқты кәсіпті игеріп жатыр. Шығыс Қазақстанның оңтүстік аудандары ғана емес, көршілес Алматы облысынан келіп білім алушы жастар да аз емес. Сондықтан жаңа ғимарат іске қосылса, студенттер саны да арта түспекші. 

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы