382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дуалды оқыту жүйесі қазақстандық жастардың 19,8% ғана қолжетімді

  • 258
  • UPD: 20:35, 28.05.2019

Дуалды оқыту жұмыстарына екпін беру керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алқалы жиында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі студенттердің дуалды оқытумен жеткілікті көлемде қамтылмай отырғанын мәлімдеді.

Дуалды оқыту жүйесі біздегі жастардың тек 19,8 процентіне ғана қолжетімді. Неге? Себебі практиканы ұйымдастыратын кәсіпорынның шығыны өтелмейді. Өндіріс орындарында тәжірибеден өтетін жастардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік қамтамасыз етілмеген. Дуалды оқыту жүйесіне тұсау болып тұрған осындай мәселелер таяу уақытта шешілмек. Жағдай жасалған соң, кәсіпорындардың басшылығы колледждердің базасында орталықтар ашуы тиіс. Нәтижесінде түлектердің жұмысқа орналасуына кепілдік болады. Осылай деген Үкімет басшысы Асқар Мамин нарыққа қажетті мамандықтардың тізімін жасап, арнайы жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

– БҒМ және мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бір айдың ішінде жол картасын әзірлеу керек. Ол картаға қажеттілік болжамдау, колледждер мен білім беру бағдарламаларын жаңғырту, мемлекетпен білім беру тапсырысын қалыптастыру, жетілдіру бойынша шараларды көздеу қажет. Бұл жұмыстың табысты болуы мен мемлекеттік органдар мен оқу орындары арасындағы жауапкершілікті нақты бөлуге байланысты. Әрбір адам өзінің сұранысқа ие мамандық алғанына және кейін жұмысқа орналаса алатынына сенімді болу керек.

Наурыздың соңында елде «Қарапайым заттар экономикасы салаларын дамыту» атты жобалық кеңсе жұмысын бастаған еді. Бастама 150 кәсіпорынға қолдау көрсетіп, 10 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, бюджетке түсетін салық көлемін 38 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Жобалық кеңсе барлығы 720 млрд теңге сомасында 880-нен астам әлеуеттік жобаны қарап жатыр. Оның ішінде, екінші деңгейлі банктер құны 25 млрд теңге болатын 41 жобаны мақұлдады. Оған қоса 111 млрд теңгелік 120 жоба қарастырылуда. Өңірлер бойынша ең белсенді бизнес Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Мәлімдеген жобалардың ең аз сомасы Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында.

– Үкімет отырысында қаралған үшінші мәселе – Сыр өңірін өркендету. Бүгін Қызылорда облысының кешенді даму жоспары мен мен қаланың бас жоспары бекітілді. Себебі аталған аймақтағы мұнай-кен орындары 50% сарқылып, мұнай 1,5-2 мың метр тереңдікте ғана бұрғылануда. Сондықтан кен орындарында 5 мың метрден аса тереңдікте бұрғылауды жүзеге асыру қажет. Ол үшін 11 млрд теңгені қажет ететін тиісті геологиялық барлау-зерттеулер жүргізу керек. Жаңа жоспардан атақты Байқоңыр да тыс қалмаған. Ғарыш айлағы орналасқан мекенді өңірдің экономикасын өсірудің локомативіне айналдыру көзделіп отыр.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

– Онда көпсалалы өнеркәсіп және ғарыштық туризм салаларын дамытудың арқасында инвестициялар ағыны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Жоба мемлекет басшыларымен және үкімет аралық комиссия тарапынан қолдау тапты. Кәсіпкерлікті дамыту бөлігінде «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде өңірдегі бизнесті дамытуда ынталандыру бойынша 10,7 млрд теңге шамасында 6 іс-шараны іске асыру жоспарланған.

Қазір қаланың жалпы аумағы 20 528 гектарға дейін ұлғайды. Қаладағы халық саны бір жылда 9 мың адамға өскен. Сондықтан шаһардың жаңа бас жоспарын бекіту де - уақыт талабы.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Өмірбек Ізімов, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы