389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сколководағы конференцияда қазақстандықтар бағдарламаларын ұсынды

  • 316
  • UPD: 20:56, 02.06.2019

Мәскеудегі Сколково ғылыми қалашығында Стартап вилладж жетінші халықаралық конференциясы өтті.

Оның аясында Қазақстан үкіметінің қолдауымен құрылған «Тех Гарден» кластер қоры стартаптарды дамыту бойынша екі бағдарлама ұсынды. Қазақстан халықаралық акселерация бағдарламасын еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүзеге асырып отыр. Ол шағын және орта бизнес нарығында жоғарғы технологиялық компаниялар құруға бағытталған.

Startup Village халықаралық конференциясына 80 елдің компаниялары қатысты. Мыңнан ас инвестор келіп, 4 жарым мыңға жуық жоба ұсынылған. Қазақстандық бағдарламалар екі бағытты қамтиды. Бірі отандық нарықтағы шетелдік компанияларды іріктейді. Екіншісі инвестиция тартумен айналысады. 

Санжар Кеттебеков, Tech Garden бас директоры:

- Әдетте біз осы жерден 450-500 компания таңдап аламыз. Өткен жылы 69 компанияны табысты қаржыландырдық. Олар Қазақстанда 250 жұмыс орнын құрып, қысқа мерзімде 2,2 млрд тенге пайда тапқан. Бұл көрсеткіштер әлі де өседі. 

Осы 69 стартаптың жалпы құны қазірде 70  миллион долларға бағаланып отыр. Ай-Ти мен қаржылық саладағы қауіпсіздік салаларындағы 5 стартап АҚШ, Сингапур және Малайзия нарықтарына шыққан.

Станислав Триерс, Сколководағы Tech Garden өкілі:

- Ресей нарығына шығатын бірқатар жобамыз бар, бір компания «Татнефтьпен» үлкен келісімшартты талқылап отыр. Ресей корпорацияларына енуге бағытталған 10-15 жобамыз бар. Корпорацияға енуді қарастырсақ, осындай жобалар 200-300 мың доллар тұрады, инвестиция салу болса, алғашқы кезеңінде бұл 30-40 мың доллар шамасында.

Ресей кәсіпкерлері Қазақстанның өндірісті цифрландыруға  қатысты үкіметтің қолдауын жоғары бағалап отыр.  «Цифра» компаниясы өз өнімдерін шығарып, заттар интернеті мен жасанды интеллектке байланысты стартаптарға инвестиция құюмен айналысады.

Игорь Богачев, «Цифра» компаниясының бас директоры: 

- Қазақстанды өз бизнесіміз үшін әлеуеті зор нарық ретінде қарастырамыз. Үкіметтеріңіз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасынан жалпы ішкі өнімнің 30% өсуін күтеді. Бұл біз үшін де жақсы іс, өйткені барлық кәсіпорындар цифрландыруға көшуді көздейді. Елдеріңізде жағдай қолайлы, атап айтқанда «Индустрия 4.0» орталығымен серіктестік орнаттық. Ол  Астана халықаралық қаржы орталығында орналасқан. Бұл дұрыс қадам. 

Қазақстандық бағдарламалардың мақсаты - өндіріс пен бизнеске жаңа технологиялар енгізу. Бұл өнеркәсібімізді жаңғыртып, елімізде жаңа жұмыс орындарын құру мен жоғары технологиялық компанияларды дамытуға жол ашады.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы