382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР БҒМ сұранысқа ие 100 мамандықты анықтады

  • 230
  • UPD: 23:42, 06.06.2019

Білім және ғылым министрлігі ең сұранысқа ие 100 мамандықты анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол арқылы колледждер қажетті қызмет иелерін дайындайтын болды. Жуырда техникалық және кәсіптік білім саласына халықаралық стандарттар енгізілмек. Себебі елімізде әлі де кәсіптік және техникалық білімі бар мамандар жетіспейді.

Қазір жұмысқа тұру үшін ешқандай «әке-көкенің» қажеті жоқ. Елордадағы бес жұлдызды қонақ үйлердің бірінде даяшы қызметіндегі Мәдина Молдахметова осылай дейді. Техникалық колледждегі білімі мен тәжірибесі жалақысы жақсы қызметке тұруына сеп болған. Көп балалы отбасынан шыққан оның арманы көп. Талабы таудай қыз анасына қаржылай қолғабыс жасап, бауырларына үлгі болып жүр.  

Мәдина Молдахметова, даяшы:

– Маған өз кәсібім ұнайды. Мұнда жұмысқа тұру үшін бір орынға 200-дей маман таласады. Ал жақсы жұмыс істесем, қызметте өсуге мүмкіндік көп. Болашақта отбасылық демалыс орнын ашсам деген арманым бар. Талабыма сенемін. Мақсатым айқын. Сондықтан тек алға жылжып, өзімді дамыта бермекпін.

Кәсіптік білім мен қатар техникалық мамандықты меңгергендердің де айы оңынан туып тұр. ІТ технология саласын игергендер мен құрылысшылар жұмысқа тез орналасады. Себебі елімізде оларды оқытатын техникалық колледждердің қауқары артып келеді. Бір ғана мысал, Ерболат Ыдырыс электромобилді көліктің қозғалтқышын бүге-шігесіне дейін оқып жүр. Былайша айтқанда, машинаның «миын» оқиды. Екінші курста болғанымен, талабын көріп, жұмысқа шақырғандар да болыпты.

Ерболат Ыдырыс, 2-курс студенті:

– Осы жақта үлкен компанияларда инженер-энергетик болып жұмыс істесем деген арман бар. Негізі 3 жыл оқимын, әрі қарай төртінші жыл оқуым керек диплом үшін. Үш жыл ішінде шебер болып шығамыз.

Кәсіптік және техникалық білім алуға құштар жастардың қатары жыл санап артқан. Өйткені, диплом алысымен бірден жұмыс табатындар да солар. Сұраныс көп.

Қаламқас Әлғазинова, ҚР БҒМ кәсіптік және техникалық білім департаментінің басқарма басшысы:

– Жыл сайын 140 мыңнан астам студент түлеп ұшса, оның 72 пайызы жұмыспен қамтылады. Сұраныс бойынша қандай маман керек екенін біліп алғаннан кейін барып, қажет мамандықтарға студенттерді қабылдаймыз.

Жалпы еліміз бойынша 820-дан астам техникалық және кәсіптік білім беретін колледж бар. Жұмыс берушілер осы оқу ордаларымен тығыз байланыста. Сондықтан орта білім беретін мекемелер қажетті мамандарды сұранысқа сай дайындайды.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы