383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түлектердің 72% ҰБТ тапсырады

  • 321
  • UPD: 20:44, 18.06.2019

Бүгін Ұлттық біріңғай тестілеу сынағына дайындық жұмыстары тағы бір пысықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин сынақ ойдағыдай өту үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Тестілеу сынағы маусымның жиырмасынан басталады. Оған 117 мың түлек қатысады деп жоспарланып отыр.

Ұлттық біріңғай тестілеу сынағы мектептердің рейтингін анықтау үшін өткізілмейді. Сондықтан жылдағыдай көрсеткіш қумай, түлектерге жағдай жасау маңызды. Күні кеше тағайындалған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай деді. Биыл еліміз бойынша 169 пункт жұмыс істейді. Түлектердің 72 проценті ұлттық біріңғай тест тапсыратын болды. Айтпақшы еліміздегі ең жас министр баяндама жасамас бұрын алдымен министрлер кабинеті алдында елге адал қызмет етемін деп ант қабылдады. Сөзі нық, қобалжу байқалмады.

Еліміздің білім беру саласына ұлттық біріңғай тестілеу сынағының енгізілгеніне 15 жылдан асты. Осы уақыт ішінде бірнеше мәрте өзгерту енгізілді. Биылғы өзгеріс – ҰБТ 4 рет өткізілетін болды. Қаңтар және наурыз айларында тест тапсырған оқушылар ақылы оқу бөлімдеріне сертификат алды. Мемлекеттік грантқа үміткерлер маусым айында бақ сынайды. Тамыз айында балы жетпегендерге қайта мүмкіндік беріледі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Тестілеуді өткізу және бақылау жасау үшін өңірлерге министрліктің арнайы өкілдері жіберілді. Қазіргі уақытта тестілеу материалдары құпия режімде өңірлерге толығымен жеткізілді. ҰБТ-ны ұйымдастыру үшін мемлекеттік комиссиялар құрылды.

Өңірлердегі сынақ өтетін пунктер техникалық жағынан толық жабдықталған. Бейнебақылау камералары орнатылып, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген.

Үкімет отырысынан кейін тілшілермен тілдескен жаңа министр жемқорлықпен күресетінін де айтты. Себебі ҰБТ айналасында жүргендердің осы қылмыс бойынша күдікке ілінгендері бар.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Жалпы жемқорлықпен күрес – біздің алдымызда тұрған ең басты сұрақтың бірі. Біз қазіргі уақытта тиісті жобалық кеңесті ашуға жұмыс істеп жатырмыз. Жобалық кеңесті құрамыз, сонда әртүрлі жемқорлықты болдырмау бойынша тиісті, нақты шараларды қабылдаймыз.

Үкімет басшысы Асқар Мамин ҰБТ сынағы кезінде түлектер мен ата-аналарға қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Ал жаңа министр болса, ҰБТ-ға соңғы енгізілген өзгерістердің жемісті болатынына мол үмітті.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы