384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҰБТ-ның алғашқы күнінде 13 мың түлектің білімі сыналды

  • 235
  • UPD: 21:28, 20.06.2019

Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Сынақтың алғашқы легінде 13 мың түлектің білімі сараланды.

Айта кетейік, бүгіннен бастап, ҰБТ мен кешенді тест бірге өткізіледі. Ал елордада 6 мыңға жуық түлек тест тапсыруға өтініш білдірген. 

Ұлттық бірыңғай тестілеу – бір отбасының ғана емес, күллі қазақстандықтардың талапкер үшін тақым қысатын сынағы. Бүгін Елордада 600 түлек тест тапсырды. Бұл Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Таңғы сегізден бері ғимарат алдына жиналған ата-ана мен оқушылардың қарасы қалың.

Алдан Смайыл, жазушы:

- Бүгін екі немерем бірдей тест тапсырамын деп жатыр. Алып келіп, қобалжыңқырап тұрмыз. Балалардың бағы сыналатын кез. Сондықтан, барлық балаларға «қадамдарың қайырлы болсын» деп батамды беріп тұрмын.

Әр түлекке жеке тест жинағы табысталды. Дұрыс жауапты түгел белгілеген өрен 140 ұпайды иемденеді. Биыл бакалавр дәрежесін игерем деушілер үшін 53 мың грант бөлінді. Оның дені техника саласына бағытталмақ. Техника демекші, тест тапсыру барысын ата-аналар арнайы жабдықталған дәрісханадан бақылады.

- Қарындасым үшінші аудиторияда отыр. Оған сенемін. Барлық ЕНТ тапсырып жатқан балаларға сенемін. Сәттілік тілеймін.

- Ақ жол тілеймін барлығына да. Жалғыз менің немерем емес, барлығы да жақсы тапсырып, жақсы оқу орнына түсіп, Қазақстанның жақсы бір маманы болып шығуына тілектеспін. Өте үлкен қобалжудамыз ғой. Түні бойы ұйықтаған жоқпыз.

Шамамен 3 сағатқа созылған сынақтан бірінші болып Карина Адамова шықты. Жас түлектің көңіл күйі керемет, ата-анасының үмітін ақтағанына сенімді. Ол болашақта білікті саясаткер болуды армандайды.

Карина Адамова, түлек:

- Алдымен оқу және ағылшын тілінен берілген тапсырманы орындадым. Жарты сағатым соған кетті. Қазақстан тарихы мен әлем тарихын қиындау соқты. Бірақ, барымды салдым. Біліміме сендім.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Биылғы ҰБТ дайындалған сұрақтардың 30 проценті жаңартылыпты. Олардың барлығы оқушылардың есте сақтау қабілетін емес, керісінше, ойлау, ой қорыту дағдыларын сынауға бағытталған. Жалпы тест нәтижесі бойынша күмәні бар әр түлек, ертеңгі сағат бірге дейін аппеляциялық комиссияға өтініш қалдыра алады.

Қазақстан бойынша 169 тест тапсыру орны бекітілген. Оның үшеуі елордада. Бұл ғимараттар маусымның 30-ына дейін тест тапсырушыларды қабылдайтын болады. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы