388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңаөзендік студенттер «Қазтрансойл» компаниясында тәжірибе жинақтап жатыр

  • 485
  • UPD: 22:46, 02.07.2019

«Қазтрансойл» компаниясы жастар жылына орай әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда.

Бұл арқылы техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж оқушылары компанияның өндірістік нысандарында кәсіби практикадан өтуге мүмкіндік алды.

Жаңаөзен қаласындағы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы индустриалды-техникалық колледжінің 10 студенті қаладағы бас мұнай айдау станциясында жазғы өндірістік тәжірибеден өтуді бастап та кетті. Білім алушылардың басым бөлігі көп балалы отбасылардың балалары. 1 айлық тәжірибеден өткен соң колледж оқушыларына 80 мың,  университет студенттеріне 120 мың теңгеден шәкіртақы төленеді. 

Көп балалы отбасының үлкен ұлы Ертай Мұратбай үшін биылғы жаз табысты басталды. Жаңаөзендегі Маңғыстау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Өзен» бас мұнай айдау станциясында ақысы төленетін өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. 

Ертай Мұратбай, МАңғыстау индустриалды-техникалық колледжінің 3-курс студенті:

- Өзіміздің мамандығымыз бойынша жетекшімізбен электр сұлбаларды көрдік, электр қозғалтқышының басқару сұлбаларын үйрендік. Бір айта кетеріміз, практикада айлық төлем ақша бөлінеді. Сол біздерге жастарға үлкен қолдау.

Кәсіби білімді шыңдауға мүмкіндік беретін практика кезінде колледж оқушыларына біліктілігі жоғары мамандар қатарынан тәлімгерлер бекітілді. Студенттер «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбыры арқылы өтетін мұнай тасымалдау процесіммен, жаңа технологиялармен танысты. Сұйық қойма паркін аралап, сорап станцияларының, энергожабдықтардың, мұнай қыздыру пештерінің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.

Ерболат Бешимов, «Өзен» Бас мұнай айдау станциясының басшысы:

- Біздің компанияда қауіпсіздік техникасын сақтауға ерекше мән беріледі. Сондықтан олар арнайы өндірістік қауіпсіздік бойынша 10 сағаттық бағдарлама мен курстан өтті. Барлық жағдайлар қарастырылған. Түскі аспен, арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Жалпы жастардың білімі, деңгейлері, үйренсем деген талпыныстары жоғары. 

Әлеуметтік жоба 5 жылға жоспарланған. Биыл еліміздің 12 аймағы бойынша 440 студентті қамту жоспарланып отыр. Тек Маңғыстау облысының өзінде жазғы үш айда 70 - ке жуық студент ақысы төленетін өндірістік тәжірибеден өтеді. Оның 20-сы жаңаөзендік жастар.  

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы