383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда спорттық робототехника бойынша оқушылар сайысы өтті

  • 185
  • UPD: 12:35, 04.07.2019

Жуырда Павлодарда спорттық робототехника бойынша оқушылар сайысы өтті. 

Екі күнге созылған ел біріншілігіне 240 үміткер қатысып, үздіктер дүниежүзілік олимпиадаға жолдама алған еді. Осы сайыста  топ жарған Алматылық оқушылар қазір әлемдік додаға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Толығырақ Жандос Айтбайұлы әңгімелейді.

Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары бұған дейін де АҚШ пен Таиландтта өткен халықаралық жарыстарда бақ сынаған болатын. Солардың бірі Никита Носков. Әріптесі Данил Прохоренкомен бірге әртүрлі тапсырмаларды орындайтын робот ойлап тапқан Никита Павлодардағы ұлттық біріншілікте чемпион атанды. «Ендігі мақсатым әлемдік жарыста олжа салсам» дейді.

Никита Носков, робот құрастырушы:   

- Бұл робот үлкен алаңдағы арнайы құралдарды тиісті орынға жеткізіп, дұрыс орналастыру қажет. Төрешілер алдымен тапсырманың тиянақты орындалуын қарайды. Сосын уақыт жылдамдығын есептейді. Әзірше рекорт 76 секунд біздің еншімізде.    

Тілші: Инженерлік құрылғылардың сондай-ақ көлікті байланыссыз жуу мен сымсыз қуаттаудың қағидаларын біріктіретін үш деңгейлі паркинг жүйесін әзірлеген Шыңғыс Қуанышбай мен Михаил Дудинов те ел чемпионатында жеңімпаз атанды. Ал ақылды қала үшін такси көлігінің  автопилоттық жүйесін ойлап тапқан Асылбек Сәкенов пен Асанқұл Ескендір өздерінің жобаларын болашақта еліміздің ірі қалаларында қолданысқа енгізуді армандайды.

Асылбек Сәкенов, робот құрастырушы:

- Бұл біздер үшін жәй ғана қиял емес. Қала тұрғындары үшін өте ыңғайлы әрі қауіпсіз көлік деп айтар едім. Кез келген адам ұялы телефонындағы  жүктеме  арқылы таксилерді шақырта алады. Ал көліктер бір орталықтан  басқарылады. Егер біздің жоба жүзеге асып жатса, болашақта автопилот қызметінің бұл түріне мегаполистің әрбір бесінші тұрғыны жүгінетін болады.

«Біздің мақсат елімізде робототехника саласын дамыту, оның  ішінде спорттық түрін өркендету, жастардың техникалық  жаңа ойларын қолдау» дейді мектеп басшылығы.

Гүлмира Мүнкеева,  Алматы қаласы химия-биология бағытындағы назарбаев зияткерлік мектебінің директоры

- Павлодар қаласында республикалық деңгейде өткен сайыста бізде үш командамыз сайысқа қатысқан. Сол барлық командалар  1-орын және 3-орын алып келді. Өзіміздің мектепте техноториямыз бар. Сол робототехникаға көп көңіл бөлеміз.

Дүниежүзілік робототехникалық олимпиада биыл қарашада Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтеді. Ұлттық біріншіліктің жеңімпаздары осы сында ел намысын қорғайды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы