384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық оқушылар цифрлық музей ашты

  • 191
  • UPD: 15:16, 09.07.2019

Ертіс өңіріндегі дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің оқушылары цифрлық музей ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ұлы дала мұрасы» деп аталатын рухани ошақты құру идеясы мен мазмұны ата-аналар мен оқушылардың өздеріне тиесілі. Музейдің ерекшелігі сол, жәдігерлердің барлығы балалардың қиялынан туған дүниелер.

11 жасар Анастасия Шубина анасымен бірге көне күйменің көшірмесін жасаған. Түркі халықтары екі мың жыл бұрын қолданған арбаның үлгісі енді музей төрінен орын алды.

Ольга Шубина, Анастасияның анасы:

– Бір күймені жасауға бірнеше апта кетті. Алдымен сызбасын әзірледік. Станоктің көмегімен жәдігердің темір бөлшектерін дайындап, кейін арнайы бояумен сырладық. Ерте замандағы арбаның тарихымен де таныстық. Еңбегіміз зая кетпеді, музейден орын алды.

Бүгінде музей қорында 70-ке жуық жәдігер бар. Барлығы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мән-маңызын аша түседі.

София Катаманина, оқушы:

– Киіз үй – қазақ халқы тұрмысының ажырамас бөлігі және ұлы мұрасы. Бұл жәдігерді тарих пәнінің мұғалімдерімен бірге жасадық. Бұл жерде бесік, ұлттық аспаптар, ақ дастархан көрініс тапқан. Музейімізге келген оқушылар бұл экспонаттарды қолмен ұстап, толық ақпарат ала алады.

Мектептің мәдени азық ошағы цифрлық форматқа да ауыстырылған. Арнайы сайттың көмегімен музей ішінде виртуалды кеңістікте саяхат жасауға мүмкіндік бар. Ал жәдігерлердің тарихымен QR-код арқылы танысуға болады. Бұл да оқушылардың идеясы. 

Шынар Халелова, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Бұл мұражай жаңғырып, өзгеріп отырады. Міне, осы жеті айдың көлемінде бұл мұражайда өзгерістер көп болды. Келешекте мұражайды үш тілде көрсетуді және инклюзивті бағдарлама аясында аудиоматериладарды қосуды көздеп отырмыз.

Бұл лицей еліміздегі үздік мектептердің ондығына енген. Дарынды балалар зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары атанған. Осы жолы бір топ жас Тұңғыш Президент қоры мен Крендфильд университеті, және ұлттық отандық әуе компанияның мұрындық болуымен өткен байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды. Жасөпірімдер Low jet атты ұшақтың озық моделін ұсынған.

Дінмұхаммед Қосанов, оқушы:

– Біздің ұшақ жанар-жағармайды аз тұтынады, салмағы жеңіл әрі жылдамдығы жоғары. Компьютерлік бағдарлама арқылы жылдамдығын байқадық. Мәселен, Лондон-Астана бағытындағы ұшақ 15 сағат жол жүрсе, біздің ұшақ бұл жолды 8 сағатта еңсереді.

Ұшақ әзірге 3D форматында тәжірибе жүзінде сыналды. Кішірейтілген модельді байқау өткенше көрсетуге рұқсат жоқ. Талап сондай. Дегенмен оқушылар тобы республикалық байқауда үздіктердің қатарынан көрінуден дәмелі. Жеңіске жетсе, Тұманды Альбиондағы үздік университеттерге жолдама алады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы