384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оқушының Мемлекет басшысына жолдаған эстафетасы бұқаралық сипат алып келеді

  • 315
  • UPD: 20:26, 10.07.2019

Елордалық оқушының Мемлекет басшысына жолдаған эстафетасы бұқаралық сипат алып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жасар Ләйлім Шырақтың Абай өлеңдерін оқуға қатысты ұсынысын қуана қабыл алып, ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіп оқып, әлеуметтік желідегілерді бір сүйсіндірді.

Және кезекті одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, сондай-ақ өнерімен әлемді мойындатқан әнші Димаш Құдайбергенге жолдады. Ал Тоқаев атап өткен тұлғалар шараны жалғастырып әкетті ме? 

Ақыл, қайрат жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек. Ләйлім-Шырақ бұл өлеңді ес білгелі жатқа айтады. Анасының айтуынша, былдырлап тілі шыққанда Абайдың өлеңін оқыпты. Себебі бала үйде естігенін құлаққа құйып алады. Әкесі дәстүрлі әнші, анасы журналист болғасын шаңырақта өлең мен жырдың, ән мен күйдің үзілмейтіні анық. Ләйлімнің мұғалімі Абайдың 175 жылдығына орай эстафета бастап, оны Ләйлім-Шыраққа жолдапты. Ал өзі кімге жолдасам деп көп ойланған.

Ләйлім-Шырақ Ерланқызы, мектеп оқушысы:

- Кімге жолдаймын деп көп ойландық. Әке-шешем айтады: «Президентке жолдамай-ақ қой. Шаруасы көп, қолы бос емес деп айтады. Мен Президенттен басқа ешкімге жолдамаймын, Президентке жолдасам басқаларға да жолдаймын деп, мінезімді көрсеткенмін. Сөйтіп, жарайды деп, Президентке жолдадым. Мен негізі қобалжыдым, Президент алмауы мүмкін бе деп. Сөйтіп,  мен көргенде әлемдегі ең бақытты баламын деп сезініп қалдым.

Ләйлім Абай Құнанбаевтың 70 өлеңін жатқа біледі. Қыркүйекте болатын өзінің туған күніне дейін тоқсанға жеткізуді көздейді. Эстафетадан кейін өлең жаттауға деген құлшынысы тіпті артыпты.

Жадыра Жұмакүлбай, Ләйлім-Шырақтың анасы:

-Баланың Абай өлеңіне деген қызығушылығы, махаббаты басылып қалмасын деп, ары қарай оқи берсін, бәлкім жауап берер, бәлкім жауап бермес деп, дегенмен де,  Президентке беремін деген бастамасын қолдайық деп жаздық. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бала жолдаған эстафетаға жауап берді. Уақыт бөліп, Абайдың өлеңін оқыды. Ләйлімге рақметін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз.Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз. 

Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы. Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін Абай өлеңдерін оқуды Президент тағы 3 адамға жолдады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішінде қулық сақтап, Өзіңе сен , өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

«Хакім Абайдың есімі қазақ халқымен қатар айтылады. Біз Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз» деді өз сөзінде Президент.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Әсемпаз болма әрнеге. Өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан. Ал мен Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын «Хабар» Агенттігі Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаевқа, арнамыздың танымал тележүргізушілері Зейін Әліпбек, Айгүл Мүкей мен Майя Бекбаеваға және журналист Айнұр Қуатқызына жолдаймын. Әріптестер, қабыл алыңыздар.

Хабар 24 телеарнасы