384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада шетелдегі қандастарымыздың балаларына арналған жазғы мектеп ашылды

  • 233
  • UPD: 22:32, 11.07.2019

Шетелдегі қазақ балалары елордаға қыдырып келді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы бірігіп, жазғы мектеп ашты.

7 елден келген жеткіншектер 2 апта бойы ана тілін үйреніп, Қазақстан тарихын оқиды. Одан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласының көрнекті жерлерін аралайды. Бүгін олар Тұңғыш Президент-Елбасының кітапханасын көрді. Сондай-ақ, Елбасы туралы фильмді тамашалады. 

Роби Диваль мен Хасти Ескелді Ираннан келіпті. Ғасыр бұрын арғы аталары сол жаққа барып қоныс тепкен. Қазақ елі туралы үлкендерден естіп білгені болмаса, бұрын көрмеген. Мектепте парсы тілінде білім алады. Ана тілінде де сөйлейді. Айтуларынша, ата-әжелері тілді ұмыттырмай, ұрпағына үйретіп кеткен. Жүз жыл бұрын жат жерге кетсе де тілді сақтап қалғандары қуантады. Тарихи Отанына келген қыздардың қуанышында шек жоқ.

Хасти Ескелді, «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебінің қатысушысы:

- Өзіміз қазақпыз, өз жерімізде жүргіміз келеді. Осы Қазақстанымызға көмектескіміз келеді. Осы жерде сабақ оқып, жұмыс істесек, жақсы болады ғой. Өзіміз де Қазақстанды көргіміз келіп тұр еді. Жақсы болды, келдік, көрдік. Осы жерде оқысақ жақсы болады.

Роби Диваль, «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебінің қатысушысы:

- Өз қазақтығымызды сақтадық. Тойларымызды қазақша өткіземіз. Киімдеріміз қазақша. Тек, сол мектепте парсы тілінде сөйлейміз. Бізге аналарымыз, бабаларымыз бізге қазақ тілді үйреткен. Және бізге айтқан «әрдайым қазақ болып жүріңдер, сіз қазақ, қаныңыз қазақ» деп. Келгенімізге қуаныштымыз.  

Балалар алдымен Ақтау, Атырау қалаларында аялдап, бірнеше күн қыдырған. Алған әсерлерін айтып тауыса алмайды. «Ең ұнағаны елорда» дейді. 7 елден келген 150 бала Тұңғыш Президент-Елбасы кітапханасында Нұрсұлтан Назарбаевқа шетелдік мәртебелі қонақтар тарту еткен кәдесыйларды көрді. Кітапхананың музейлік жинағындағы Елбасының наградалар қорын тамашалады. 

Екі апталық жазғы мектепті ашудағы мақсат - шет елдердегі қазақ диаспорасының балаларына тарихи Отанды көрсету. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы айту. Бағдарламада ұлттық аспапта ойнау, қолөнер және халық әні мен биінен шеберлік сағаттары бар.

Жұлдыз Сүлейменова, Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаментінің директоры:

- Биыл алғаш мәрте ұйымдастырып отырмыз. Біздің басшылығымыз келесі жылы да, жылдан жылға көбірек жастарды тартып, тек ғана Нұр-Сұлтан емес, басқа да 20 мектеп аясында да өткізуді жоспарлап отыр.

Ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерге аяғы тиген балалар тарихи Отанның ыстық екенін айтады. Көруді армандағандары көп. Иран, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейден келген жеткіншектер елорданың көрнекті жерлерін аралайды. Жалпы соңғы деректер бойынша әлемнің 40 елінде 5 млн астам қазақ тұрады. Қазір біздің еліміз сол шетелдегі қандастарды мемлекеттік қолдау туралы құжат әзірленіп жатыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы