386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде болашақ полицейлерді оқуға жаңа жүйе бойынша қабылдап жатыр

  • 218
  • UPD: 22:38, 23.07.2019

Қазақстанда полицейлерді оқыту форматы өзгерді. ҚР ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясы - полицейлерге мамандандырылған жоғары білім беретін жалғыз оқу орны.

Биыл аталмыш білім ордасы болашақ полицейлерді жаңа оқу жүйесі бойынша қабылдап жатыр. 

Биыл оқу орнына іріктеу онлайн режимде өтіп жатыр. Ал академияның әлеуметтік желісінде емтихан барысынан тікелей көрсетілім ұйымдастырылған. Республиканың әр аймағынан келген ата-аналар балаларының сынақ тапсырудағы мүмкіндіктерін тікелей эфирден көре алады.

Сейітмұрат Есімбеков, ата-ана:

- Қостанайдан келдік, әрине қобалжып тұрмын. Оқуы жақсы 99 балл алды. Енді амандық болса өтіп кетеді ғой деп ойлаймын.

Майгүл Танжанова, ата-ана:

- Күнделікті таңертең тікелей эфирді қараймыз, балаларымызды көреміз, әрине қуаныштымыз, әрине жақсы ұйымдастырылған.

ҚР ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясына ең үздік, жүйрік және төзімділер ғана түсе алады. Биыл бакалавриаттағы 250 орынға республиканың түкпір-түкпірінен жиналған талапкерлер бақтарын сынап жатыр.

Ақынғали Дәрменов, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы қарағанды академиясының басшысы:

- Биыл түлектердің зияткерлік қабілетіне ерекше мән беріледі. Өйткені өздеріңізге белгілі, академия тергеушілерді дайындайды. Сондықтан болашақ полицейлердің ойлау қабілеті жоғары болуы керек. Сонымен қатар бірыңғай ұлттық тестілеуде жинаған көрсеткіші де маңызды.

Меруерт Сералина бірыңғай ұлттық тестілеуді жақсы көрсеткішпен тапсырып, бала күнінен армандап келген мамандығын меңгеру үшін Петропавлдан келген. Ол әзірге емтихан тапсыру барысында ешқандай қиындық болмағанын айтады.

Меруерт Сералина, түлек:

- Бұл мамандықты кішкентай кезімнен бері таңдадым. Осы мамандық менің болашағым деп ойлаймын, өйткені бала кезімнен тергеуші болғым келді. Осы Қарағанды академиясына дайындалып жүргеніме көп болды.

Қабылдау комиссиясының мүшелері биылғы түлектердің дайындығы мықты екендігін тілге тиек етті. Талапкерлердің денсаулық көрсеткіштері де ойдағыдай дейді мамандар. Айта кетерлігі, оқу процесінде практикалық сабақтарға басымдық беріледі. Криминалистер, тергеушілер және жедел қызметкерлер үшін 6 айлық, ал қалғандарына 3 айлық оқу курстары қарастырылған. Бұрын офицерлік құрамды 3 ай, сержанттық құрамды 2 ай оқыту жүйесі қолданылған болатын.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы