386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық оқушылар халықаралық олимпиададан жеңіспен оралды

  • 198
  • UPD: 22:59, 24.07.2019
Алматылық оқушылар халықаралық олимпиададан жеңіспен оралды

Темірлан Әбдіқадыр мен Ерасыл Өміртай АҚШ-та өткен дәстүрлі халықаралық интеллектуалды олимпиадада жүзден жүйрік шығып, олжамен оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыдағы мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары Әбдіқадыр Темірлан мен Өміртай Ерасыл әлемнің 25 елінен оқушылар қатысқан халықаралық олимпиададан жеңіспен оралды. Білім сайысында бірде бір сұрақ пен тапсырмадан сүрінбеген Темірлан алтыннан алқа, Ерасыл күміс жүлдені қанжығалады. Бұл екі жастың ендігі мақсаты - әлемдік деңгейдегі оқу орындарының студенті атану.

Темірлан Әбдіқадыр, 10-сынып оқушысы:

Осы АҚШ-та университеттер одақтастығы бар. Солардың қатарына кіретін танымал университеттердің болашақтағы студенті болу арманым болып тұр. Алдымдағы жоспарым осы университеттерге дайындалып, ата-анамның, мектебімнің абыройын жоғары көтеру.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған лицейдің өзінен бүгінге дейін төрт жүзден аса республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпазы шыққан.

Ғалымжан Өскенбай, қалалық «Білім-инновация» лицейінің директоры:

- Осы оқушылардың ішінен жетінші сыныптан, партаға отырғаннан бастап олимпиадаға жүйелі түрде дайындалады. Негізгі біздегі мектептің бағыты жаратылыстану болғандықтан, өздеріңіз білетін жаратылыстану бағыты пәндері бойынша олимпиадаға дайындалады.

Жыл сайын өтетін халықаралық интеллектуалды олимпиадаға биыл бес жүзге жуық оқушы қатысқан. Білім сайысының талабы бойынша олар ағылшын тілінде эссе жазып, тест тапсырып, ауызша сұрақтарға жауап беруі керек. Қазақстандық оқушылар бұл сыннан мүдірмей өтіп, ел намысын абыроймен қорғай білді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы