386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мектеп оқулықтары қайтадан басып шығарылады

  • 266
  • UPD: 23:07, 08.08.2019

Сабақтың басталуына айға жетер-жетпес уақыт қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал оқулықтар дайын емес. Бұған дейін шығарылған кітаптарда қате көп, сапасы сын көтермейді. Осыған байланысты біразын қайта басуға тура келеді. Бұл мәселе бүгін елордадағы комиссия отырысында көтерілді.

Кезекті оқу жылының басталуына бірер апта ғана қалды. Ал мектеп оқушыларының кітаптары сын көтермейді. Елдің бас мұғалімі қателігінен көз сүрінетін оқулықтарды алып келіп, олқылықтарды тізіп шықты. Мысал ретінде алынған екі баланың біреуін атымен, екіншісін тегімен жазған. Физика пәнінен берілген тапсырманың шешімі дұрыс нұсқамен сәйкес емес. Ал ағылшын тіліндегі сөздер қазақ тіліне дұрыс аударылмаған. Өкініштісі сол, мұндай жайттар өте көп.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Мұндайға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Бұл – жыл сайын қайталанатын дүние. Демек оқулықтарды дайындауға үстіртін қарап келеміз. Сараптама ісі нашар. Мұғалім мен сарапшыны шатастырып жүрміз. Алдымен оларды оқытып барып сарапшының қолына оқулықты тексеруге беру керек. Сонда ғана сапа түзеледі.

Қазіргі таңда осы оқулықтардың жартысы өңірлердегі білім беру мекемелеріне жөнелтіліп қойған. Енді олардың барлығын кері алғызып, қайтадан басып шығару қажет. Ал жауапты мамандар бұл айтылғандар өрескел қате емес, техникалық ақау деп ақталды.

Бейбітгүл Каримова, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:

– Көрсетілген қателер таза техникалық ақаулар. Ағылшын тілінің аудармалары өрескел қате болып саналмай ма? Ол сөздікті қарап көру керек. Егер болатын болса, оқулыққа қосымша ішінде сөздікті тіркеп беру керек.

Демек оқушылардың ми ашитын уақыты алда. Партаға бұрыс жазылған оқулық, дұрыс нұсқасы бар қосымша қатар қойылмақ. «Мұндай жауапты сәттерде жауапсыздық танытқандар жазаланады», – деді министр. Ал осы олқылықтарды саралап, сұрыптайтын сарапшылар қайта даярланбақ. Асхат Аймағамбетов оқулықтардың қымбаттығын да сынға алды. Яғни олар қазіргі құнынан төмен болуы қажет деді.

Авторы: Аслан Қаженов

Хабар 24 телеарнасы