386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық оқушылар Азия халықаралық математика олимпиадасында топ жарды

  • 196
  • UPD: 22:02, 09.08.2019

Еліміздің үздік оқушылары Азия халықаралық математика олимпиадасынан 9 алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мерейі үстем болып елге оралған жастарды бүгін ет жақындары Алматы әуежайында қарсы алды.

Әуежайда ұлдарын тағатсыздана күткен ата-аналар мен достары қуанышты. Өйткені Тайваньда өткен халықаралық математика олимпиадасына қатысқан 9 баланың барлығы ең жоғарғы жүлдемен оралды. Алматылық Темірлан Әбдіқадыр бұған дейін де осындай білім бәсекесінде топ жарған. Бұл жолы да білімі өзгелерден озық екенін дәлелдеді. 

Темірлан Әбдіқадыр, халықаралық математика олимпиадасының жеңімпазы:

– Мақсатым – әлемнің ең жоғарғы оқу орнына түсу.

Темірлан – Алматыдағы білім-инновация мектеп интернатының оқушысы. Жалпы осы мектептің 27 оқушысы биыл түрлі білім олимпиадаларында жүлделі орындарды жеңіп алды. 

Ғалымжан Өскенбай, «Білім-инновация» лицейінің директоры:

– Осының алдында ғана Темірлан оқушымыз АҚШ-та өткен ағылшын тілі олимпиадасынан алтын медаль иегері болып келген. Осы оқушымыз екі айда екі қуанышты жаңалықпен келіп отыр. Алтын медальмен келіп отыр. Бұл оқушымызға сәттілік тілейміз.

Ал қазір АҚШ та білімін жетілдіріп жатқан Әлихан Тоқтасын бұл олимпиаданың абсалюттік чемпионы атанып, арнайы кубокты иеленді. Сонымен қатар Аслан Қасымхан, Рахат Нұрғали, Рахат Сейітжан, Әлихан Медеуов пен Әли Байжігітовтер алтыннан алқа тағып, еліміздің намысын абыроймен қорғап келді. Дарынды жастар енді өз білімдерін шетелдік іргелі жоғарғы оқу орындарында жалғастыруды жоспарлайды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы