386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміз бойынша мектептердің 85 проценті жаңа оқу жылына дайын

  • 167
  • UPD: 20:42, 13.08.2019

Елорда мектептерінде 17 мың орын тапшы. Қала әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, жаңа оқу жылында 8 мектеп үш ауысымда жұмыс істейтін болады. Бұл мәселе ата-аналар мен оқушылардың бас ауруына айналғалы қашан? Жағдай қашан түзеледі? 

Бас шаһардағы оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Былтыр 18 мың бала бірінші сыныпқа барса, биыл 24 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Олардың бір бөлігі үш аусымда оқуға мәжбүр болады. Себебі елордадағы білім ордалары мыңдаған оқушыны қабылдауға қауқарсыз.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Мектеп мәселесі бар. Жаңағы айтқан 17 мың орын тапшылығы тек қаланың бір аймағында ғана емес. Мысалы, біз қазір Қараөткелде мектеп салуымыз керек. Сонымен бірге қаланың 16 шеткі аймақтары бар. Біз олардың әрқайсысын  зерттеп жатырмыз. Бес жылдық кешенді жоспарға сәйкес 37 мектеп саламыз. 

Бұл мектептер салынғанша бірнеше ауысымда оқып жүргендердің алдыңғы легі мектеп бітіріп кетеді. Орын тапшылығын ішкі көші-қон процесстерімен  байланыстырған Білім және ғылым министрлігі «осы бағытта кешенді шаралар жүргізіп, тың механиздер енгіземіз» деп ақталды. Егер Елорда әкімі жаңа мектеп саламыз десе, министр ескі мектептерді жөндеуден өткізіп, қасына ғимарат қоспақ.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Қайта құрылыс, қайту құру реконструкция деген механизм енгізіп жатырмыз. Бұл неге маңызды? Өйткені мысалы, Нұр-Сұлтан қаласын алатын болсақ жер тапшылығы бар, коммуникация тапшылығы бар т.б. проблемалар бар. Бірақ дайын тұрған ғимараттар да бар. Сол ғимараттарда мектепке берілетін тиісті жағдайларды жасайтын болсақ, онда сол ғимараттарда мектептер ашу мүмкіндігі болады.

Қазір қалада 108 мектеп бар. Оның 87-і мемлекеттік. Қалғаны жекеменшік және республикалық. «Саладағы мәселені шешудің бір жолы осы жеке меншік мектептердің санын арттыру» дейді шаһар басшысы.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Біз тек мемлекеттік бюджетке қарап отыруға тиісті емеспіз. Сондықтан біз инвестициялық кеңесте 11 жекеменшік мектеп салуды қолдадық. Ол жерде 10 мың бала қамтылатын болады. 

Биыл елімізде 3 миллионнан астам бала мектепке барады. Республика бойынша мектептердің 85% жаңа оқу жылына дайын. Үкімет басшысы 1 қыркүйекке дейін бұл көрсеткішті 100 % жеткізуді тапсырды. Дегенмен, үш өңірдегі орын тапшылығы биыл да сақталмақ. Олар Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы және Атырау облыстары.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы