387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұстаз мәртебесі: Заң жобасында жалақыны біліктілік тесті арқылы көбейту көзделген

  • 277
  • UPD: 20:53, 16.08.2019

Қоғамда ұстаз мәртебесін көтеру, мұғалім абыройын қорғау мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Қордаланған проблемалар мемлекеттік деңгейде заңдық құжат әзірлеуге түрткі болды.

Былтыр Елбасы өзінің кезекті Халыққа Жолдауында «Мұғалім мәртебесі туралы» заң әзірлеуді тапсырған болатын. Осы міндет қалай жүзеге асып жатыр?

Білім мекені - мектепте ұстазға қыр көрсетіп, оғаш мінез танытатын оқушылар жоқ емес. Мұның астарында тәрбиенің осалдығы жатыр дейді ұстаздар. Өкінішке орай, бала тәрбиесінде жауапкершіліктен жалтаратын ата-аналар, мұғалімнің мәртебесіне де нұқсан келтіріп жатады.

Өмірбек Айтуғанұлы, №53 мектеп-гимназия директоры:

- Менсінбеушілік факторлар бар. Өз тәжірибемнен айтар болсам, осыдан көп жыл бұрын мұғалім кезімде біз бір оқушының ата-анасымен кездестік, бірнеше мұғалім. Себебі ол оқушының сабақ үлгірімі төмен болды. Анасы біздің көрсеткен баланың оқу үлгірімі туралы бақылауларымызды көріп, баласының сабаққа салғырт қарағанын түсінгеннен кейін ол баласына ұрысты біздің көзімізше. Сонда былай деп ұрысқаны бар. «Саған не керек? Тоңазытқышта бұл кісілер көрмеген тамақтар тұр ғой» деп.

Ия, бұл 10 жыл бұрын болған оқиға. Бірақ уақыт өткенімен мәселенің салмағы артпаса, азайған жоқ. Шеті мен шегі жоқ әкімшілік міндеттер де мұғалімдер мәртебесін төмендететін дейді Өмірбек Айтуғанұлы. Оқумен қамту айлығы аясында үй-үйді аралаған мұғалімдердің көрмегені жоқ.

Өмірбек Айтуғанұлы, №53 мектеп-гимназия директоры:

- Мұғалімдер аралады. Сол жерде мысалы, нешетүрлі жағдайлар болды. Ит қосатын, түсінбеген ата-аналар. Қазір енді жақсы. Бақытымызға орай, оны алып тастады. Екі-үш жыл болып қалды.

Қордаланған мәселелерді шешу үшін қонымды заң керек, - дейді ұстаздар. Қоғамда талқыланып жатқан «Мұғалім мәртебесі туралы» заңнан білім берушілердің күтері көп. 

Сәуле Күнтуғанова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Заң қабылданса жақсы болар еді. Қазір мұғалімнің намысына тиетін жағдайлар жиі кездеседі. Ата-аналарға да, оқушыларға да ешқандай жауапкершілік міндеттелмеген. Сондықтан заң болса, сол бойынша кінәлі тарап жазаланса, мұндай оқиғалар азаяр еді.

Заң жобасында сондай-ақ мұғалімнің кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау тетіктері қарастырылған. Әсіресе жалақыны біліктілікті арттыру тесттері арқылы көбейту көзделген.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы