387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғалымдар «Токамак» реакторын іске қосудың екінші кезеңіне дайындалып жатыр

  • 151
  • UPD: 23:26, 19.08.2019

Әлемді энергетикалық тәуелділіктен басқармалы термоядролық синтез арылта алады. Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары осы теория бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алған.

Нақтырақ айтсақ, олар қазақстандық материалтанымдық «Токамак» реакторын іске қосудың екінші кезеңіне дайындықты бастады. Бұл халықаралық ITER (итер) жобасында аса маңызға ие.

Болашақта Қазақстан шексіз таза қуат беретін өзінің «жасанды аспан күніне» ие болады. Әзірше бұл теория ғана. Осы мақсаттарға жету үшін ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары 20 жыл бойы үздіксіз мыңдаған зерттеулер мен тәжірибелер жасап келеді. Мамандардың пайымдауынша, «Токамак» қазақстандық материалтанымдық қондырғысының болашақ энергиясын өндіретін әлеуеті бар.   

Ерлан Батырбеков, ҚР ҰЯО РҚЭИ РМК филиалының бас директоры:

- Адамзат плазманы ұстап тұруды үйренсе, онда жерде шағын күнге ие болады. Біраз мәселе шешімін табады. Себебі, термоядролық синтез экологиялық таза энергия көзі. Әрі сарқылмайды. Бұл ретте сутегінің изотоптары пайдаланады. Ал сутегі мұхит суы сияқты. Оны өндіріп алу аса қиындық тудырмайды. Әрине, ол үшін сутегі шығаратын ядролық технологияларға, жоғары температуралы реакторларға қол жеткізуіміз қажет. 

Қазір ғалымдар қазақстандық материалтанымдық «Токамакты» іске қосудың екінші кезеңіне дайындықты бастап кетті. Бұл халықаралық ITER жобасыныың басым бағытқа ие бастамасы. Демек, келешекте термоядролық синтез адамға бағынышты болады. Айта кету керек, реактор алғаш рет «ЕХРО-2017» көрмесіне орай пайдалануға берілген.   

Денис Зарва, ҚР ҰЯО Басқарма басшысы:

- Екі жыл бұрын алғашқы плазма алғанбыз. Оған дейін 2010 жылы сынамалы түрде іске қосып көргенбіз. Сол кездегі плазмалы разряд «Токамакты» пайдалануға беру бағдарламасына сай келді.

Дәл осындай зерттеулер әлемде сұранысқа ие. Бүгінде «Токамакты» бірлесе пайдалану бойынша ТМД елдерімен келісімдер жасалған. Өз кезегінде Қазақстан реакторды табыс көзіне айналдыруға ниетті. 

Бауыржан Шықтыбаев, ҚР ҰЯО Атомдық энергия институты филиалының бөлім бастығы:

- Барлық зерттеулер әлемдік ғылым үшін аса қызық. Қазір Францияда ITER деп аталатын сынамалы термоядролық реактордың құрылысы басталды. Ол осындай реакторлардың жүзеге асу мүмкіндіктерін көрсетуі міндет. Алайда материалдық тұрғыда шешілмеген мәселелер жетерлік. Яғни плазмаға қатысы материалдар тізбегі әлі таңдалған жоқ. Ал біздің қондырғыда осындай зерттеулер жүргізіледі. 

«Токамакты» іске қосудың екінші ақырғы кезеңі қыркүйек айына жоспарланған. Содан кейін реактор кешені толық пайдалануға беріледі. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Әсем Өтешова

Хабар 24 телеарнасы