389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада бастауыш сынып мұғалімдері мен тәрбиеші жетіспейді

  • 266
  • UPD: 21:09, 20.08.2019

Қала өсіп, халық көбейген сайын тапшылық кәдімгідей сезіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей мектептер бірінші сыныпқа 500-ге дейін бала қабылдайды. Оқушы саны өскенмен, оларға білім беретін мұғалім жоқ. Қалалық білім басқармасындағылар бұл проблеманы алдағы 5 жылда толық шешеміз деп уәде етіп отыр. Ол қалай шешіледі?

«Бір сыныпқа 40 баладан отырғызамыз», - дейді № 75орта мектептің басшылығы. Бірінші сыныпқа 400 бала қабылданған. Бес жыл бұрын 1200 оқушыға арналып салынған мектепте 3700 бала білім алады. Биылғы оқу жылында мектеп 3 ауысымға көшуі мүмкін. Бұл проблема өз алдына. Мұғалім де жетіспейді. Өткен жылы 19 ұстаз басқа мектептерден келіп, білім берген. Мектеп табалдырығын биыл аттайтын балдырғандарды оқытатын мұғалім жоқ.

Майнұр Тұрсынбекова, №75 орта мектеп директорының орынбасары:

Жылдың аяғында ұсыныс бергенбіз. Бір 10 мұғалім болса деп. Қазіргі кезде 2 мұғалім келді. Әлі 8 мұғалім күтілуде. Іздейміз, шақырамыз, резюмемен шақырамыз. Енді тұрғын үй мәселесі ең бірінші орында. Тұрғын үй болса, әр жерден мұғалім табылады деп ойлаймын. Жалақы мәселесі, Нұр-Сұлтан қаласында мұғалімнің жалақысына өмір сүру керек.

Нұр-Сұлтанда мұғалімдердің орташа жалақысы 80-90 мың теңге. Оларды «іздейміз, шақырамыз» дегенмен, сабақтың басталуына 10 күн қалды. Табылмаса, бір мұғалім 2-3 сыныптан қосып алуы мүмкін. Жалпы елорданың мектептеріне бастауыш сынып мұғалімі мен тәрбиешілердің және орыс тілі пәні мұғалімдерінің жетіспейтіні туралы осыдан 5-6  жыл бұрын айтылды. Қалалық білім басқармасының мамандары жыл сайын алдағы жоспарларымен бөліседі. Алайда, мәселе шешімін тапқан жоқ. Тәрбиешінің азғантай жалақысына жұмыс істегісі келетіндер аз. Одан бөлек, елордадағы оқу орындарында бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын бөлімдер аз. Қазір қала бойынша 170 мұғалім жетіспейді.

Жанна Құлышбаева, қалалық білім басқармасының бөлім жетекшісі:

Қалалық білім басқармасы педагог мамандарына тапшылықты жою мақсатында жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде, гуманитарлық колледжге мемлекеттік тапсырыс бердік. Бұл оқу орны орта буын мамандарды дайындайды. Өткен жылы қала әкімдігі жоғарғы оқу орындарына мемлекеттік тапсырыс беріп, 300 студент грантпен білім алып жатыр. Олар 2022 жылы диплом алады.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары мектепке баратын бала саны 6 есеге өскен. Есесіне, қаланың білім беру саласын қаржыландыру көлемі 70%-ке артты.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы