386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда магистратура емтиханында қарау қылмақ болғандар сынақтан қуылды

  • 223
  • UPD: 20:21, 22.08.2019

Білім беру, медицина, құрылыс және жер қатынастары салаларында жемқорлыққа жиі жол беріледі. Бұл Маңғыстау облысындағы жағдай.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаментінің қызметкерлері, таяуда арнайы сауалнама жүргізіпті. Нәтижесі осы. Сауалнамаға үш мыңға тарта адам қатысқан. Сөйтіп, көпшілік сынақ тапсыру немесе ем алуға барғанда кездесетін заңсыздықтарды көрсеткен.

Ақтауда тамыздың 10-ы мен 14-і аралығында 500-ге тарта талапкер магистратураға түсу үшін кешенді тест тапсырған еді. Бақылаушы ретінде «Маңғыстау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері, қоғам белсенділері мен құзырлы орган өкілдері шақырылды. Білім сынағының әділ өтуін мұқият қадағалаудың арқасында 13 заң бұзушылық дерегі анықталып отыр. Кінәлі тұлғалар тест тапсыру залынан қуылды. 

Серік Қаныбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департамент басшысының бірінші орынбасары:

- Бақылау тест аяқталғанға дейін үздіксіз жүріп отырды. Үміткерлерді тіркеу барысында біз екі азаматтың мүлдем бөтен азаматтардың орнына тест тапсыруға келгенін анықтады. Тест тапсыру барысында 11 кісінің өзінің смартфондарын қолданып, тест тапсыруға әрекет жасағанын байқап, олардың залдан шығарылуына ықпал еттік.

Заң талаптарын өрескел бұзу деректерін анықтауға бағытталған бақылау жұмыстары қыркүйектің бірінен бастап жалғасады деп күтілуде. Бұл жолы құзырлы орган қызметкерлері жобалық кеңсе мүшелерімен бірлесе жергілікті оқу орындарынан бөлек полиция органдарына да барады. 

Серік Қаныбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтық департамент басшысының бірінші орынбасары:

- Сауалнама жүргізейін деп отырмыз. Оның басты мақсаты - сыбайлас жемқорлықтың көздерін анықтау. Соны жасауға ықпал етіп отырған жағдай мен себептерді анықтау. Кімнің аты-жөні сол кезде көп айтылады соны анықтау. Қазіргі таңда полиция департаментіне тиісті хат жолдап, олармен келісіміміз бар. Тиісті жоспарымыз бар. Оқу орындарымен де тап осындай жұмыс жасалып жатыр. 

Жауапты мамандар дәл осындай іс-шаралардың таяу арада денсаулық сақтау мекемелерінде жалғасатынын айтып отыр. Оған дейін де атқарылатын шаруа көп. Бір аптадан бері қалаішілік жолдарда акция өтіп жатыр. Мақсат - қызметтік көліктерді кедергісіз өткізуге шақыру. Осы мақсатта көлік жүргізушілерімен түсіндірме жұмыстары жүруде. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы