387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы мектептер жаңа оқу жылына дайын

  • 105
  • UPD: 09:47, 30.08.2019

Ертіс өңіріндегі Павлодар ауданының білім беру ошақтары жаңа оқу жылына толығымен дайын. Облыстағы 26 ауыл мектебінде жөндеу жұмыстары аяқталып, барлығы керек-жарақтармен қамтылды. Биыл ауданда екі жаңа IT сынып, ал Черноярка  ауылының балалары үшін жаңа футбол алаңы ашылады.

Павлодар ауданының мектептері жылу маусымына дайындық құжаттарын алған. Биыл жөндеу жұмыстары он орта білім беру ордасында жүргізілді. Мәселен, 320 орындық Мичурин мектебі терезелерінің тең жартысы ауыстырылған. Ескі әйнектер заманауи терезе жүйелерімен алмастырылды. 

Айнаш Әбдіманова, Мичурин орта мектебінің жетекшісі:

- Үшкамералы бекітікштері бар терезелер орнатылды. Енді қыста мектебіміз жылы болады. Осылайша, мұғалімдерді алаңдатқан мәселе шешілді. 

Ал Черноярка орта мектебіндегі салтанатты шара жаңартылған алаңда өтеді. Аумақ кеспетас төселіп, абаттандырылды. Бұл игілікке бюджеттен 4,5 млн теңге бөлінген. Ал хоккей кортын жаңартуға ауыл азаматтары демеушілік етті.

Маргарита Айдабулова, Черноярка орта мектебінің директоры:

- Ойын алаңы тар болатын. Демеушілердің көмегімен мәселе шешілді. Қыста алаңға су құйып, мұз айдынын жасаймыз. Осы жаңа оқу жылы қарсаңында 25 балаға мектеп жарақтарын сыйға тарттық. 

Соңғы жылдары ауыл мектептерінде IT-сыныптар көптеп ашылып жатыр. Набережное ауылындағы білім ошағы – солардың бірі. Мұнда оқушылар үшін робототехника кабинеті жасақталып, компьютерлер базасы жаңартылған. Бұл іс нәтижесін берді. Балалар түрлі зияткерлік сайыстардан жеңіспен оралып жатыр.

Әли Мұхамедқали, оқушы:

- 21 ғасырдың балаларымыз ғой. Заман талабына сай озық технологияларды меңгеруіміз керек. Қазірден бастап айналыссақ, болашақ мамандығымызды таңдауға жеңіл болады. 

Сәкен Мадисаров, Павлодар аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

 - Мектептердің компьютерлік базасы жаңаруда. Биыл Ямышев мектебінде IT-сынып ашылды. Жуықта Ольгинка мектебіне де қажетті құралдарды сатып алдық. Тағы тоғыз мектепте робототехника кабинеттері жұмыс істеп тұр. 

Аудан мектептерінің дайындығына 117 млн теңге бөлінді. Білім күні 500 ұл-қыз бірінші сынып табалдырығын аттамақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы