389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетаудағы мәдениет колледжінде жаңа оқу ғимараты ашылды

  • 214
  • UPD: 14:36, 30.08.2019

Алпыс жылдан астам тарихы бар білім ордасы бүгінге дейін бұрынғы жатақхана ғимаратын пайдаланып келді.

Сондықтан біраз ыңғайсыздық туындайтын дейді ұстаздар. Ал 3 қабатты жаңа нысанды салуға облыстық бюджеттен 630 млн теңге қаражат бөлінген.

Колледждің бұрынғы ғимараты, міне осы. Өткен ғасырдың 50-жылдары салынған 5 қабатты нысанды ұстаздар ескі болса да бүгінге дейін осылай күтіп ұстап келеді. Орын жетпегендіктен, олар жертөлені де пайдалануға мәжбүр болған. Мұндағы тар кабинеттерде бишілер жаттығыпты. Енді міне, бәрі өзгерді.

Ал жаңа ғимараттағы хореография залында бір мезетте 40 шақты студентпен би сабағын өткізуге болады. Бұрын осындай топтық билердің дайындығы үшін колледж ұжымы қаладағы мәдениет сарайларының залдарын жалдауға мәжбүр болған. 

Гүлмира Ордабаева, қазақ биі пәнінің мұғалімі:

- Ескі залдың кемшіліктерін айтып өткенде, зал кішкентай болды. Аласа және де үлкен группаларды бір-бірімен қоса алмадық. Өте қуаныштымыз жаңа корпустың ашылуына, осындай әдемі залдардың болуына қуаныштымыз. Жаңа оқу жылына біз дайынбыз. 

Білім ордасында бұған дейін спорттық зал мүлдем болмаған. Енді жаңа корпуста бір емес, екі жерде дене шынықтыру пәнін өткізуге мүмкіндік бар. Бірі даладағы алаңқай болса, екіншісі, іште орналасқан. Тіпті жаттығу залы да қарастырылған.  

Нұрболат Садықов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Біз бұған дейін ауа райы қолайлы кездері далада дайындалып жүрдік. Ал жертөледе тек теннис пен шахмат ойнауға ғана мүмкіндік болды. Енді осында волейбол, баскетбол секілді спорт түрлерін дамытамыз. Жақсылап жаттығып, басқа колледждермен жарысуға дайындаламыз. 

Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінен жыл сайын жүздеген маман түлеп ұшады. Жарты ғасырдан астам уақыттың ішінде білім ордасын 10 мыңнан астам түлек тәмамдаған екен. Олардың алды қазір елімізге еңбегі сіңген мәдениет қайраткерлері, танымал актерлар мен тәжірибелі ұстаздар. Олардың барлығы осы бір шағын ғана білім ошағында тәлім алды дегенге сену қиын.

Құралай Ыдырысова, колледж директоры:

- Арнайы кабинеттер оқу процесіне болған жоқ. Оның бәрін біз пайдаланып, ыңғайлап салып, сөйтіп жасап жүрдік. Әрине, қаншама жоспарларымыз орындалмай. Ал енді бүгінгі әрине, қуаныш. Бұның ішінде бәрі стандартты, оқу процесіне жағдай жасалған. Өте қуанышты жағдай. Бұл, жастарға, студенттерге, оқытушыларға, ұстаздарға импульс береді. Әрине бұл рухтандырады.

Бес қабатты ескі ғимараттың бір қабатында тіпті, 85 орындық жатақхана да орналасқан еді. Енді колледж басшылығы тағы бір қабатты студенттер үйіне айналдырамыз дейді. Ал жаңа корпустың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі тарту еткен 30 млн теңге жаңа нысанды одан әрі жабдықтауға жұмсалмақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы