385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында 7 мектеп ел игілігіне берілді

  • 210
Түркістан облысында 7 мектеп ел игілігіне берілді

Түркістан облысында жаңа оқу жылында 7 мектеп ел игілігіне берілді.

Оның төртеуі өңірдегі демографиялық дүмпу деңгейі жоғары Сарыағаш ауданына тиесілі болса, енді бірі Шардара ауданының шәкірттеріне есігін айқара ашты. Биыл облыста 56 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Олар оқулықпен толық қамтылады дейді адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары.

Түркістан облысында жыл сайын оқушы санының өсуіне байланысты 2018-2025 жылдарға дейін өңірде жаңа 184 мектеп салу жоспарланған. Биыл 68 білім нысанының құрылысына 23,5 миллиард теңге бөлініпті. Жыл соңына дейін оның 22-сі пайдалануға беріледі. Қалған 46 білім ұясы 2020 жылы салынып бітеді. Ал 1 қыркүйекте аймақтағы 7 мектеп есігін айқара ашты. Сарыағаш ауданындағы «Ақ үй» елді мекенінде берілген 300 орындық мектепте 2 ауысыммен 600 бала білім алады. Бұған дейін бұл ауылдың оқушылары көрші ауылға қатынап оқыпты. Енді өз мектебіміз бар деп шәкірттер қуанып жүр.

Диана Қабылды, оқушы:

– Осы мектепке дейін М.Мақатаев мектебіне тасымалданып оқыдым. Осы мектепке келгеніме қуаныштымын. Барлық бөлмелері пәндерге сай етіп салынған. Заманауи өте керемет мектеп.

Сарыағаш ауданында 77 білім беру мекемесі бар. Оның 61-і типтік үлгіде салынған. Ал ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан 16 білім нысанының саны жылдан жылға қысқарып келеді, дейді білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов.

Бауыржан Майрихов, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Биыл оқу жылының аяғында 2440 бала бітіретін болса, 7 мыңнан аса оқушы бірінші сыныпқа келіп отыр. Бұл дегеніміз демографияның өсуіне байланысты бізде үш ауысым мәселесі жылдан жылға қосылуы мүмкін. Ол бізге қосымша ғимараттар талап етеді. Апатты мектептеріміздің мәселесі шешілу үстінде. Құжаттары дайын болды. 3 мектебіміз бар. Ол Ақжар ауыл округінде, екеуі Құркелес ауыл округінде орналасқан.

Оқушыларға білім берудің негізгі тұтқасы саналатын оқулықтар ауыл-ауданға жүз пайыз жеткізіліпті. Оған жергілікті қазынадан 632 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Алтын ұя мектебіне «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» мына шәкірттер білім алуға асық.

Білім күні қарсаңында Шардара ауданының Мұнай база елді мекеніндегі 60 орынды мектеп ел игілігіне берілді. Ыбырай Алтынсарин есімін иеленген білім ошағының құрылысын жергiлiктi әкiмдiк қаржыландырған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу кабинеттері мен зәулім гимнастика залы оқушылардың сабақтан бос уақыттарын тиімді пайдалануларына толық мүмкіндік береді. Жаңа мектепке алғаш табан тіреген балалар мәре-сәре күй кешті.

Нұрзат Шапай, оқушы:

– Бұрынғы мектебіміз бір қабатты еді, бұл енді екі қабатты. Мұның ішінде барлық зат бар екен. Осы мектепте білім алып, жақсы оқушы боламыз.

Бұл мектептің тағы бір ерекшелігі - мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимаратқа еркін кіріп-шығуына да қолайлы жағдай жасалған. Пандус пен жедел саты іске қосылып, бейнебақылау камералары да орнатылған.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы