386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жыл соңына дейін 50 жекеменшік мектеп іске қосылады

  • 178
  • UPD: 16:27, 01.09.2019
Қазақстанда жыл соңына дейін 50 жекеменшік мектеп іске қосылады azh.kz

Елімізде мемлекет тарапынан ғана емес жекеменшік мектептер де салу жоспарланып отыр.

Елді мекендерде мектеп ашу бюджет қаражатынан жүргізілсе, үлкен қалаларда инвесторлар қаржысына білім беру ұйымы салынады. Бұл туралы бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Бізде үш ауысымды 128 мектеп бар. Биылдың өзінде жаңадан мектептер ашылды. Сол сияқты 150-ден астам оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Енді алдымызда мемлекет тарапынан ғана емес жекеменшік мектептерді де салу жоспарланып отыр. Елді мекендерде мектеп ашу бюджет қаражатынан жүргізілсе, үлкен қалаларда жекеменшік мектептерді дамыту қажет. Жоспарымызға сәйкес 2019 жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 50 жекеменшік мектеп іске қосылады», – деді Асхат Аймағамбет.

Ол сөз арасында балабақшалар мәселесі жекеменшік-әріптестікті дамыту негізінде шешілгенін айтып өтті. Соның нәтижесінде Қазақстан бойынша бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету 95,2 пайызды құрайтынын жеткізді.

«Жекеменшік мектептерді салып, бизнесті де неғұрлым көбірек тартсақ, бұл проблеманы тездетіп шешеміз. Ал бүгінгі ашылып отырған №87 мектеп-гимназиясы елордадағы үш ауысымды екі бірдей мектептің проблемасын шешіп отыр. Сол сияқты оған Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Енді әрбір облыс орталығындағы мектептерге ұлы ақынның есімін беруді жоспарлап отырмыз», – деді Білім және ғылым министрі.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан ашылған Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп гимназиясына бас-аяғы 1009 оқушы қабылданды, оның 150-і 1-сыныпқа барады.

 

Хабар 24 телеарнасы