385,90 427,70 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабай ауданында 800 орындық IT мектеп-лицей ашылды

  • 168
  • UPD: 20:39, 01.09.2019

Ақмола облысының Бурабай ауданында 800 орындық мектеп-лицей ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан орталығы Щучинск қаласында бой көтерген білім ошағы ақпараттық технологиялар бағытында оқытады. Заманауи тілмен айтқанда IT мектеп. «Осы нысанның ашылуымен қалада үш ауысымда оқу мәселесі жойылды», - дейді білім бөліміндегілер.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Аталған мектеп-лицей қаланың шеткері жағындағы «Горный» мөлтек ауданында орналасқан. Бұрын бұл маңайда ешқандай білім ошағы болған жоқ. Сондықтан осы маңдағы ата-аналар үшін бұл өте ыңғайлы болып отыр.

Мектеп ғимараты екі корпустан тұрады. Біріншісі, оқу корпусы болса, екіншісі, жатақхана. Яғни, мұнда маңайдағы ауылдардан 135 бала осында жатып білім ала алады.

Сәрсенбек Бұхаржырауұлы, Жаңажол ауылының тұрғыны:

- Жаңажол ауылынан келіп отырмыз. Жаңажол ауылында мектеп жабылғалы 5 жыл болған. Содан балаларымыз мынау №9 мектеп-интернатында оқыған. Сонда жатып оқып, 5 баланың екеуі қазір бітіріп, елордада студент болып жүр. Енді 3 баламды мынау IT мектеп ашылған соң осыған әкеліп отырған жайымыз бар. Заманауи бағытпен оқытылады деген соң осыған әкеліп отырмыз. Қуаныштымыз.

Қайыркен Нұрымжанов, ардагер ұстаз:

- Мұндай мектеп 10 жыл бұрын бізге түсімізге де кірмеген. Бүгінде біз өзіміздің ойлаған жағдайымызға жетіп отырмыз. Бұл мектептің келешегі өте зор.

Мектептің өзі ақпараттық технологиялар бағытында білім беретін болғандықтан мұнда барлық кабинеттер заманауи қондырғылармен жабдықталған. Әрі балалар мұнда компьютерлік бағдарламалау, 3D модельдеу секілді қосымша білімді де меңгере алады.

Гүлнәр Шәріпова, мектеп-лицейдің директоры:

- Біздің мектеп «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында ашылып отырғандықтан, нысан барлық заман талабына сай келеді. Мәселен, әр сыныпта сенсорлы тақталармен жабдықталған. Робототехника кабинеті бар. Одан бөлек, физика кабинетінің өзінде 3 зертхана, химия пәнінен 4 зертхана жұмыс істейді. Тіпті бұл мектепте бассейн де қарастырылған.

Жалпы биыл Ақмола облысында мектеп жасындағы 124 мың бала бар. Олардың 16 мыңнан астамы бүгін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Мектеп құрылыстарына келер болсақ, Ақмола облысында биыл бұдан бөлек тағы 3 мектеп салынып жатыр. Бірақ олар қыркүйек айында емес, жыл соңына қарай пайдалануға берілмек. Ал олардың барлығы елорда іргесіндегі Целиноград ауданында орналасқан.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы