386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілмек

  • 224
  • UPD: 16:22, 04.09.2019

Президент өз жолдауында жоғары білімнің сапасына тоқталды.

Әсіресе, еліміздегі ЖОО тең жартысы ғана түлектерінің 60 пайызын жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті. Өз мамандығы бойынша қызметке тұратын жас мамандардың санын арттыру үшін облыс орталығындағы университет арнайы мониторингтік орталық ашты. Онда өңірге қажет мамандықтар анықталып, соларға басымдық беріледі.

Бірінші курс студенті Арайлым Нұрғалиева биология, химия пәнінің мұғалімі болғысы келген. Алайда бұл салаға бөлінген гранттың аздығынан құжатын басқа мамандыққа тапсырыпты. 

Арайлым Нұрғалиева, студент:

– Педагогика мамандығына грант аз бөлінгендіктен, осы мамандыққа келіп отырмын. Негізінен педагогика мамандығына грант көп бөлінгені дұрыс деп ойлаймын. Сол кезде басқалар да армандаған мамандығына түседі деп есептеймін.

Өңірге қажет мамандықтарды анықтау үшін ЖОО-да мониторингтік орталық ашылып отыр. Ондағы ғылыми қызметкерлер басқарма департаменттерімен бірлесіп, сараптамалық-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.    

Бақытжан Ескендіров, контингентті қалыптастыру және түлектерді жұмысқа орналастыру бөлімінің жетекшісі:

– Орыс тілі, ағылшын тілі, биология, химия пәнінің мұғалімі жетіспейтінін мониторинг көрсетіп жатыр. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Мұғалімдермен қатар, облысқа ауыл шаруашылығының мамандары қажет. Осыған орай білім ордасында арнайы бөлім ашылып, өз жұмысын бастады.

Биылғы оқу жылында облысқа 550 грант бөлінді. Соның тең жартысы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып отыр.

Қуат Баймырзаев, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры:

– 4 жылдан кейін бізге қандай мамандық керек. Жергілікті облыстық гранттарды сол мамандықтар бойынша бөлдік. Өйткені төрт жылдан кейін мамандық иелері өз еңбек орындарына барады.

ЖОО-да тағы бір қанатқақты жоба жүзеге асырыла бастады. Яғни төртінші курс студенттері өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасса, онда оларға қашықтықтан оқу мүмкіндігі беріледі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы