389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы барлық мектеп ұжымы электрондық журналды қолданады

  • 193
  • UPD: 09:24, 12.09.2019

Маңғыстау облысындағы мектептер ұстаздар мен оқушылар туралы статистикалық ақпарат жазылған цифрлық журналды қолданады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шалғай аймақта 141 орта білім беру мекемесі бар. Пәндік кабинеттердің мультимедиялық құралдармен жабдықталуы балалардың сабақ үлгерімін жақсартып, ұстаз қызметін жеңілдеткен.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл Ақтаудағы №6 орта мектептің биология пәні кабинеті. Оқулықтағы ақпаратқа қатысты танымдық суреттердің интерактивті тақтада көрсетілуі балалардың тірі ағзалар жайлы ғылымды оңай меңгеруіне мүмкіндік береді. Сәйкесінше, сабақ үлгерімі жақсарады. Осы мектептегі бірнеше сынып цифрлық үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталған.

Жауынбибі Сержанова, №6 орта мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары:

- 2007 жылы бір ғана информатика кабинетінде осындай мүмкіндік болған болса, қазіргі таңда жиырмадан астам кабинеттеріміз интерактивті тақтамен жабдықталып, компьютермен жұмыс жасап отыр. Ұстаздардың жұмыстары жеңілдеп, ал балалардың сабаққа қызығушылығы артты.

Маңғыстау облысындағы барлық мектеп ұжымы электрондық журналды қолданады. Цифрлық жүйе білім басқармасының жеке серверлерінде орналасқан. Яғни, кез келген орта білім беру мекемесінің жеке сайтына қауіпсіз кіріп, қажет ақпарды алуға болады. Бастысы, ата-ана үйде отырып перзентінің сабақ үлгерімін бақылай алады. Оқушының тест тапсырмаларын online режимде орындау мүмкіндігі тағы бар.

Цифрлық технология мектептерге жаппай енгізілсе де, оқушының сөмкесі жеңілдеген жоқ. Үш бала тәрбиелеп отырған Гүлнұр әр кез ұл-қызын подъезд алдынан күтіп алады. Өйткені салмағы зіл батпан жүкті жоғары қабатқа көтеретін баласын уайымдайды.

Гүлнұр Жадрина, қала тұрғыны:

- Ұлым келесі шағынаудандағы мектепте оқиды. Мүмкіндігінше мен не әкесі мектептен баланы алып келеміз. Немесе үй алдынан күтіп аламыз. Неге десеңіз, 5-қабатқа сабақтан кейін шаршаған балаға жоғарыға көтерілу денсаулығына өте қауіпті.

Былтыр Ақтауда алғаш рет смарт-мектеп ашылған еді. Дәліздегі құрылғы бейджик таққан оқушының ғимаратқа кірген-шыққан уақытын ата-анаға смс-хат түрінде хабарлап тұрады. Өзге мектептен айырмасы, мұнда емдеу-сауықтыру кабинеті бар. Педагог-маман арнайы жаттығулар жасату арқылы балаларды омыртқа жотасының қисаюынан қорғайды. «Оқушының сөмкесі жеңілдеуін әлі күтеріміз анық. Бірақ мұндай кабинеттің барлық мектепте болғаны дұрыс», - дейді ата-аналар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы