389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті

  • 213
  • UPD: 12:26, 23.09.2019

Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Талдықорғанда Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.

Байқауға облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ұйымдастырылған өңірлік конкурстардың 16 жеңімпазы қатысты. Олар Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Дөнентаев, Ілияс Жансүгіровтердің 125 жылдығына және Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай, аталған ақын-жазушыларымыздың поэзиясы мен прозасынан үзінді оқыды. Бұл байқауға Тұрсынжан Шапай, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ерлан Рысқали, Азамат Шарғын, Мұрат Иманғазиновтар қазылық жасады. Конкурс қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан келген Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті, болашақ журналист Айжан Алхабек бас жүлдегер атанды.

Айжан Алхабек, байқаудың бас жүлдегері:

- Көңіл-күйім, барлығы өте керемет. Байқаудың бүгінгі қандай жоғары деңгейде өткенін, көрермендердің барлығы соңына дейін отырып, тамашалап, көріп отыр ғой. Өте қатты ұнады. Өзім Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунист» деген повесінен үзінді оқыдым. Ал поэзияда Фариза Оңғарсынованың «Әуеде ұшып жүрген көк көбелек» деген поэзиясын оқыдым. Өте керемет поэзия, өзімнің жаныма жақын.

Ербол Тілешев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми орталығының директоры:

- Негізгі талап - осы тіл арқылы, қазақтың бейнелі сөзі, терең ойы арқылы біздің тілімізді насихаттау, жастарға мынау қазақша мәнерлеп сөйлеу, оның бергі жағында мынау Абай бастаған үлкен әдеби көшіміздің шығармаларын насихаттау. Сонымен бірге келесі жылы Абайдың 175 жылдығы. Соған дайындық ретінде деп те бұл шараны қабылдауға болады.

Хабар 24 телеарнасы