389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада тұратын мүгедек балалардың 86 проценті инклюзивті білім алады

  • 197
  • UPD: 18:08, 24.09.2019

Елімізде 153 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың жартысына жуығы мектеп жасында. Алайда бұл балаларды мектептердің барлығы бірдей қабылдай бермейді. Себебі білім беру мекемелерінің бәрінде бірдей мұндай балаларға арналған бағдарлама жоқ.

Қазір оны шешу жолдары қарастырылып жатыр. Солардың бірі елорда әкімдігі «Болашақ» қайырымдылық қорымен бірлесіп, білім беру орындарында инклюзивті сыныптар ашуды қолға алды. Олар үшін жасалған жеке бағдарлама өзге оқушылармен тең деңгейде білім алуына мүмкіндік береді.

Арлан болашақта нақты ғылымдармен айналысқысы келеді. Қазірдің өзінде алгебра, геометрия, жаратылыстану мен  химия оқулықтарын жата-жастана оқиды. Жасы 14-те.  Церебральды сал ауруы оның ақыл- ойының дамуына кедергісін келтірді. Соған қарамастан Арлан сабағын жақсы оқуға тырысады. Қазір өз сыныбындағы үздіктердің бірі. Паралимпиадалық орталықта спортпен шұғылданады, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. 

Арлан Амангелдінов  №65 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы:

- Менің өзім сияқты достарым көп, қарапайым балалардан да жолдастарым бар. Сыныпта ешкім бір-бірін бөліп жармайды. Бірге оқимыз. Бірге уақыт өткіземіз. Жалпы көп болып жүрген көңілді ғой. Мен сыныпта өзге балалармен бірдеймін. Ал өскенде айти саласында немесе биолог болғым келеді. 

Елордадағы номері 65 мектеп-гимназияда церебральді сал ауруына шалдыққан және  есту қабілетін жоғалтқан 100-ден аса бала білім алады. Арлан айтқандай, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға қалыпты жағдайда қарайды. Сыныптағы оқушылар да ешқашан бірін бірі бөлген емес. Білім ордасында мұндай балалардың демалуына арналған кабинеттер бар. Оған қоса арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Қажет жағдайда тәрбиешілер, яғни тьюторлар көмектесіп отырады. 

Карлығаш Жақанова инклюзивті сынып үйлестірушісі:

- Оқушылар да, ата-аналар да біздің ерекше балаларымызға үйреніп қалған. Қай-қайсысы болсын көмектесуге әзір. Сабақта болсын, сыртта болсын, асханада болсын қолұшын созып жатады. Осының өзі қайырымдылыққа, мейрімділікке баулиды. Өмірге басқаша қарайды.   

Бас қаладағы мектерде инклюзивтік білім беру үрдісі бірдей емес. Кейбірінде пандус жоқ. Ал талап бойынша кез-келген білім мекемесі оқуға келгендердің бәрін қабылдауға міндетті.

Жазира Асанова, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Егер бізге келген мүмкіндігі шектеулі баланың қолында «жалпы білім беру мекемесінде оқи алады» деген қорытындысы болса жеткілікті. Онда мектеп болсын, колледж болсын инклюзивті сыныптар бар-жоғына қарамай  оқушыны қабылдауы тиіс. 

"Болашақ" қайырымдылық қоры инклюзивті білім беруге жан-жақты қолдау көрсетеді. Олар мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтап, тьюторлар дайындайды. Қазірдің өзінде қор еліміз бойынша 43 инклюзивті сынып ашты. Жыл соңына дейін тағы бесеуі пайдалануға берілмек.

Жазира Ескендірова, «Әр бала мектепке лайықты» жобасының үйлестірушісі:

- Біз алғаш болып елімізде арнайы сыныптарды  балабақшаларда ашпақпыз. Яғни ерекше бүлдіршіндер жалпы топқа барады. Ия бұрын мұндай балалар үйде оқитын. Ал қазір олай емес. Көппен араласып, ортасы кеңейе түскен сайын денсаулығында оң өзгеріс болатыны халықаралық тәжірибеде дәлелденді. 

Бүгінгі таңда Елордада тұратын ерекше балалардың 86 проценті инклюзивті білім алады. Алайда мектептерде арнайы жабдықталған сыныптар әлі жетіспейді. Сондай-ақ дефектологтар, тифлопедагогтар тапшы. Қазір сала мамандары қоғамдық қорлармен бірлесіп қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін де қарастырып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы