389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ елшілігі ақтөбелік оқушылардың жобасына қолдау көрсетеді

  • 220
АҚШ елшілігі ақтөбелік оқушылардың жобасына қолдау көрсетеді

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Ләззат Данаева мен Ержан Өмірзақов FLEX студенттер алмасу бағдарламасының түлектеріне арналған CAFAW грантына өтініш берді.

Іріктеу комитеті Орталық Азиядағы 90 қатысушының арасынан зияткерлердің жобасын қаржыландыруды ұсынды. Балалар АҚШ консулдығынан сұралған 200 доллардан астам ақшаны алатын болды, деп хабарлайды Елорда Инфо НЗМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба Ақтөбедегі экологиялық мәселелерді шешуге және еріктілер қозғалысын нығайтуға бағытталған. Оқушылар жобаны «Clean Hill» деп атады, бұл «Таза төбе» дегенді білдіреді.

«Тазалық өзіңнен, тұратын қаладан немесе ауылдан басталуы керек. Ақтөбе – Қазақстандағы ең лас экологиясы бар алты қаланың бірі. Сондықтан біз бұл жобаны өзіміз мекендейтін ақ төбеде орналасқан қаладан бастауды ұйғардық», – деп атап өтті Ержан Өмірзақов.

«Clean Hill» – бұл екі күндік воркшоп, онда практикалық сабақтар, пікірталастар, экологиялық ұйымның презентациясы және қатысушылардың жобалар галереясы орын алады. Тіркелу кезінде «No plastic day» – «Пластиксіз күн» челленджіне қатысуға болады. Екінші күн экологиялық марафонға арналады деп жоспарлануда, бір уақытта жүгіріп және қоқыс жинап үлгеру керек. Марафон қалалық «Таза озен. Чистая река» еріктілер қозғалысымен бірлесіп ұйымдастырылады.

АҚШ консулдығы қаражат бөлу үшін нақты жоспар қажет етеді. Жарияланған барлық қатысушылардың ішінен тек бес қазақстандық жоба қаржылай қолдау ала алды.

«Ұйымдастырушылардан хат келген кезде мен барлық атқарылған жұмысты, FLEX бағдарламасының Ақтөбедегі өкілі екенімді мақтан тұттым және Құрама Штаттарына барғаным бекер еместігіне көзім жетті. Студенттер алмасу бағдарламасы бізге Америкада бір жылдық оқу ғана емес, сонымен қатар өз жобаларымызды жүзеге асыру үшін де мүмкіндіктер береді», – деді Ләззат Данаева.

Хабар 24 телеарнасы