389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мектеп бюджеті кез келген ата-ана үшін ашық әрі қолжетімді болуы керек – депутаттар

  • 211
  • UPD: 23:48, 01.10.2019
Мектеп бюджеті кез келген ата-ана үшін ашық әрі қолжетімді болуы керек – депутаттар

Мектеп бюджеті кез келген ата-ана үшін ашық әрі қолжетімді болу керек.

Білім ордаларының қаржыны қалай игергенін бақылау үшін депутаттар тіпті мектеп бюджетін «Күнделік» сайтына жүктеуді ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы оқу жылымен бірге басталатын ақша жинау қаншалықты заңды?

Былтыр елордадағы барлық жалпы білім беру мектептері жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Яғни, мемлекет бір оқушыға жылына 187 мың теңге бөледі.

Жазира Асанова, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Ата-аналар үшін бұл жерде маңызды нәрсе – ол баланың оқу-тәрбие процесін толығымен қамтамасыз ету үшін бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінеді. Яғни бор, қағаз, сабын болсын, оған ешқандай ақша жинаудың қажеті жоқ. Барлығына мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы бюджет толығымен жеткізіледі.

«Қазынаның қаржысы қайда жұмсалатыны мектеп сайтында жазылған», - дейді білім басқармасының өкілдері. Ал Білім және ғылым министрі оның барлығы түсінікті тілде жазылсын деп тапсырды.

Дегенмен, ашық бюджеттің ашық емес тұстары бар екендігін халық қалаулылары да мойындайды. 

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шынтуайтына келгенде, мектеп бюжеті қарапайым тілде түсінікті жазылады. Бұл жерде басты мәселе мектептердің есеп беруінде. Білім ордасы өз бюджетінің ашық болғанын қаласа, қаржының қайда жұмсалғаны жан-жақты жазылады. Ал бюджеті жабық болса, есебін күрделендіріп жазып қояды. Оларды кейде арнайы мамандар да түсінбейді. Сондықтан бюджеттің игерілуі туралы мәліметтердің түсінікті тілде жазылуын талап ету керек. Әрбір ата-ана ашып қарау үшін бюджетті «Күнделік» деген сайтқа да жүктеуге болады.

Ата-аналардың бас ауруына айналған тағы бір мәселе – қосымша оқулықтар. Білім және ғылым министрлігі бұйрығымен бекітілген кітаптар жеткіліксіз бе? Әлде тапсырмалар толық емес пе? Әйтеуір кей мектеп мұғалімдері оқушыларға қосымша кітап алғызып әлек. Осындай проблемаға тап болғандардың бірі – Гүлбану Әбенова.

Гүлбану Әбенова, қала тұрғыны:

Жақында мысалы, бір кітап аламыз деп 3 мың теңгеден жинады. Мен «не үшін?» деп сұрадым. Математика пәніне деді. Сонда мен «математика пәнінен кітап дұрыс жасалмаған ба, неге біз қосымша кітап алуымыз керек?» деп сұрақ қойдым. Сонда олар «Сіздің өз еркіңізде. Тапсырғыңыз келсе тапсырыңыз, тапсырғыңыз келмесе тапсырмаңыз. Бұл қосымша кітап», деп жауап берді.

«Кітап алуға міндеттемесе де, баласының қамын ойлаған ата-ата амал жоқ шығынданады», - дейді кейіпкеріміз. Тек қаражат тиімді игерілсе болғаны.

Гүлбану Әбенова, қала тұрғыны:

Мен тапсырдым сол 3000 теңгені. Неге? Өйткені бүкіл сыныптың ата-аналары «Тапсырайықшы. Несі бар? Өзіміздің балаларымз үшін» дейді. Сол бір «өзіміздің балалар үшін» деген сөз бар. Егер сол ақшаны санасаң қаншама қаржы? Үшінші сыныпты алсақ, 17 сынып бар. Әр сыныпта 35-40 бала бар. Бәрі үш мың теңгеден тапсырғанда бәленбай миллион ақша. Ол ақша қайда кетіп жатыр? Кімге кетіп жатыр?

Тамақтандыру мен күрделі жөндеуден басқа шығындар оқушылар санына қарай мемлекеттен берілетін сомаға кіреді. Қажет болса, тіпті орташа жөндеу жұмыстарына да қосымша қаржы бөлінеді.

«Өзге себептермен ақша жинау әрекеттерінің барлығы заңсыз. Мұндай жағдайлар орын алса, мектеп әкімшілігі жауапқа тартылады», - дейді басқармадағылар.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы