389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұрғындар мектеп директорларының үстінен А.Аймағамбетовке шағымданды

  • 213
  • UPD: 15:35, 02.10.2019

Елімізде мектеп директорлары жетіспейді. Әсіресе директор тапшылығы солтүстік  өңірлерде байқалады.

Бұл туралы білім және ғылым министрі қоғамдық қабылдауда мәлімдеді. Асхат Аймағамбетов 12 азаматтың өтінішін тыңдады. Олардың басым бөлігі оқу орындарының басшыларына шағымданды. Мәселен, елорда тұрғындары номері 12 мектептің бұрынғы директорының жұмысына ата-аналардың көңілі толмағандығын жеткізді. Білім мекемесі екінші жыл қатарынан жаңа оқу жылына дайын болмаған. Ал мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа қарағанда, оқу орны тек биылдың өзінде 25 миллион теңге қаржы жұмсаған. Соңында директор қызметінен кетіп тынған. Министрдің айтуынша, қазір бұл мектепте тексеру жүргізіліп жатыр. Жақында білім ошағына жаңа басшы тағайындалады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: 

- Бүгінгі таңда мектеп басшылары мен  директордың орынбасары қызметіне бос орындар өте көп. Оған кез келген маман бара бермейді.  Бұл үлкен жауапкершілік, оған қаржылық бақылауды қосыңыз. Жалақы мәселесі тағы бар. Өкінішке орай, бізде директорлардың жалақысы аз. Қатардағы мұғалімдерден де аз алып жатады. Қазір министрлік бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы