384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда білім сапасын арттыруға арналған III Орталық Азия халықаралық форумы өтті

  • 346
  • UPD: 23:49, 04.10.2019

Барлық жоғарғы оқу орындарын аккредитациядан өткізетін агенттіктер тәуелсіз болуы керек.

Сонда ғана олар мемлекеттің жүгін жеңілдетіп, сапалы маман даярлауға әсер етеді.

Бұл – Түркістанда өтіп жатқан білім беру сапасын қамтамасыз етуге арналған III Орталық Азия халықаралық форум қатысушыларының пікірі. Жиынға 20 мемлекеттен 400-ге жуық сарапшы қатысып, білім сапасын көтеруге қатысты мәселелерді бірлесіп талқылауда.

Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі ұйымдастырған «Білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша III Орта Азиялық халықаралық форумы» Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қабырғасында өтуде. Екі күнге жалғасатын алқалы жиынға 20-дан астам мемлекеттен 400-ге жуық беделді сарапшылар қатысуда.

Келелі кеңестің ашылуында сөз алған Сенат депутаты, Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов форум қатысушыларына Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның құттықтау хатын жеткізді. Форум модераторы, «Аккредиттеу жəне рейтингтің тəуелсіз агенттігі» коммерциялық емес мекеме директоры Алина Жұмағұлова ЖОО-дағы білім сапасын көтеру, бәсекеге қабілетті маман дайындау және халықаралық дәрежеге көтеру – бүгінгі күннің басты талабы екенін айтты. 

Алина Жұмағұлова, «Аккредиттеу жəне рейтингтің тəуелсіз агенттігі» директоры:

- Біздің мақсатымыз – адам өмірін жақсартуға бағытталған білім сапасын арттыру. Білім сапасының жақсаруы – тікелей өмір сапасының артуына байланысты. Осы тұста ЖОО-ғы білім жүйесін жетілдіруге бағытталған аккредитация маңызды рөл атқарады. Ол білім сапасын көтеруге, халықаралық тәжірибені меңгеруге үйретеді.

Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Орталық Азия форумы жыл сайынғы дәстүрге айналып, Қазақстан Республикасы мен шет елдердің академиялық және кәсіби қауымдастығы тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Түркияның «Мармара» университетінің профессоры Мухиддин Шимшек форумның маңыздылығына тоқталды.

Мухиддин Шимшек, «Мармара» университетінің профессоры:

- Жаһандану басталғалы бері бәрі өзгеріп жатыр. Технология да өзгеру үстінде. Білім беру әдістері де өзгеріске түсуде. Осындай өзгерістер заманында білім беру мекемелері, ЖОО-ы бір жерде тұра алмаймыз. Біз де сол заманауи өзгерістерге сай болуымыз керек. Сапаны қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан бүгінгі жиында білім берудің тың тәсілдері талқыланып жатыр.

Форумның негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарын аккредитациядан өткізу арқылы халықаралық дәрежеге көтеру. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі бүгінге дейін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанның ЖОО аккредиттеуден өткізген. Жақында Прибалтика университеттерін өткізуді жоспарлап отыр. Америка бұл жүйеге 1980, Түркия 1990, ал Қазақстан 2000 жылдардан бастап көше бастапты. Биылдан бастап аккредитеуден өтпеген ЖОО-на грант бөлінбейді. Агенттік Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар бере отырып, білім сапасын бірігіп көтеруге күш салмақ.

Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры:

Қазір аккредитациядан өткен оқу орындарына, магистратура, доктарантураға грант беріледі. Одан кейін диплом қорғайтын кеңес ашуға, осы оқу орнын бітірген балаларды сыртқа жіберуге мүмкіндік беріледі. Дипломы жарамды болады. Сондықтан оқу орындарын аккредиттеуден өткізетін агенттіктердің жұмысы ЖОО-ны жаңа дейгейге көтеру, халықаралық кеңестікке шығуға үлкен демеу болады.

Үздік тәжірибелер алмасу мен халықаралық диалог алаңын құру, ЖОО-ның академиялық еркіндігін және басқарушылық дербестігін кеңейту сынды өзге де мәселелер форумға арқау болды. Халықаралық басқосу дөңгелек үстелдерге жалғасып, білім саласындағы білгірлердің пікірталастары мен  ұсыныс пікірлеріне ұласты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы