389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұстаздық пен ғылымды тең алып жүрген алматылық мұғалім – шәкірттердің таңдаулысы

  • 164
  • UPD: 17:47, 06.10.2019

Жәй мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, нағыз мұғалім шабыттандырады. Бұл 6 баланың анасы, ұстаз Мәншүк Мәмбетованың кәсіби жолдағы берік ұстанымы.

20 жылға жуық ұстаздық пен ғылыми жолды қатар алып жүрген педагог.

Бұл Мәншүк Мамбетоваға деген шәкірттерінің мереке қарсаңындағы ыстық ықыласы. Білім бере жүріп, әр шәкіртін аналық мейіріміне бөлейтін оның айналасынан жастар үзілген емес. Олардың көзінен ұстаздарына деген құрметті, ризалықты байқадық.

Сымбат Нәбиева, мектеп оқушысы:

- Мұғалімді өзіміз таңдайтын болғандықтан біз жыл сайын осы Мәншүк апаймен бірге болуға тырысамыз. Мәншүк апай әрқашанда студенттерге өзінің баласы ретінде қарайды. Бізге аса бір мейірімді адам ретінде жатталып қалған. Шәй үстінде сөйлескенді жақсы көреміз. Өйткені апай бізге тек қана сабақты ғана емес, өмір туралы да көп нәрселер айтып береді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдап, тіл теориясынан кандидаттық диссертация қорғаған Мәншүк еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастайды. Кәсіби біліктіліктің сыры ізденісте деп түсінген ол, ғылым жолын жалғастыра жүріп, ұстаздықтан қол үзбейді. 

Мәншүк Мамбетова, ұстаз:

- Қазақстанның түкпір-түкпірінде әртүрлі шәкірттерім қызмет етіп жүр. Кез келген жерде кездесіп қалғанда, оларды көргенде сондай бір үлкен қуанышты сезімге бөленесің. Олардың жақсы маман болып қалыптасқанынан, өзіңнің тамшыдай болса да үлесіңді қосқаныңа сондай қатты қуанасың. 

Үнемі ізденіс үстінде жүретін Мәншүк Мамбетова бірнеше тілді еркін меңгерген. Еңбек ете жүріп, шетел филологиясы мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады. Бірнеше ғылыми әдістемелік құралдың авторы. Осынша жетістікке жетуім отбасымның арқасы дейді ол.

Мәншүк Мамбетова, ұстаз:

- Егер біздің атамыз бен әжеміз көмектеспесе біз шынында мұның барлығына үлгірмес едік. Ол кісілер үнемі біздің қандай бастамаларымыз болса да қолдап жүреді. Балаларымның атасы әжесі үнемі сенің ары қарай өсуің керек, өнуің керек, қызметің бар ешқандай алаңдама біз тұрған кезде тек ғана алға деп айтады.

Мәншүк 6 баланың анасы. Қарбалас жұмыстың арасында балаларына да уақыт табады. Білікті ұстаз кәсіби шеберлігін шетелде шыңдамақ ниетте. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы