389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында студенттер жатақханаға мұқтаж

  • 381
  • UPD: 10:49, 08.10.2019

Қостанай облысында екі жарым мыңдай студент жатақханаға мұқтаж. 2022 жылға дейін бұл көрсеткіш екі есе қысқаратын түрі бар. Өңірде қазір бір университетке қарасты төрт жатақхана ғимаратының құрылысы басталды. Келесі жылы пайдалануға берілетін нысан 336 орынға есептелген. 

Болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жансұлу Әзімбай оңтүстіктегі Сарыағаш ауданының тумасы. Ол Тобыл өңіріне екі жыл бұрын «Серпін» бағдарламасы арқылы келген. Сол кезде сабылып қымбатқа пәтер жалдаған жоқ. Студент қызға жатақханадан орын бірден табылған.   

Жансұлу Әзімбай, студент:

- Бес қыз боп тұрамыз бір бөлмеде. Өте татумыз бір-бірімізбен. Бір-бірімізге көмектесеміз қиналғанда. Отбасы секілді боп кеткенбіз. 

Алайда Жансұлу білім алатын оқу орнындағы студенттердің тек 30 проценті  ғана жатақханамен қамтылған. Қалғаны пәтер жағалап жүр. Бұл түйткілді шешу үшін университет биыл 336 орындық төрт жатақхана ғимаратын тұрғыза бастады. Құрылысқа қажетті 750 млн теңгені оқу орны өз есебінен бөліп отыр. 

Еркін Әбіл, ҚМПУ ректоры:

- Әрбір осы жатақханаға кірген балаға мемлекет 8 жыл ішінде 122 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлеп тұрады. Сонда 8 жыл ішінде бізге мемлекеттен 800 млн қайтарылады. 

Жаңа жатақханалар алдағы жазда пайдалануға беріледі. Болжам бойынша әр бөлмеде үш студенттен орналасады. Ай сайынғы төлем 8 мың теңгеден аспайды. Қазір университетте 460 орындық бір жатақхана ғана бар. Іргетасы алпысыншы жылдары қаланған ғимарат күрделі жөндеуге мұқтаж. 

Балға Дәулетбаев, шаруашылық департаментінің басшысы:

- Сыртқы қаптау мен жылытуға 32 млн теңгеге жобасы дайын. 1966 жылдан бері жөндеу көрмеген электр жүйесіне 28 млн теңгеге жоба дайын.  

Сондай-ақ үш колледж өз студенттер үйін тұрғызуға ат салысып жатыр. Бәрін қоса есептегенде жатақханаларда шамамен 1200-ден аса орын пайда болады.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы