384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің білім саласы құрылымдарында бірқатар өзгеріс орын алмақ

  • 310
  • UPD: 09:55, 18.10.2019
Еліміздің білім саласы құрылымдарында бірқатар өзгеріс орын алмақ

Министрліктің жұмысына функционалды талдау жүргізген еліміздің бас педагогы бірқатар кемшілік пен сәйкессіздіктерді анықтаған.

«Мәселен, негізгі бөлімшелердің жұмысында басты назар стратегиялық басымдылықтарды анықтап, білім беру саясатын белгілеуге емес, ағымдағы операциялық-шаруашылық жұмыстарға аударылған. Мектепке дейінгі және орта білім беру, ТжКБ және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру секілді негізгі департаменттер өздеріне тән емес қызмет атқарады. Атап айтқанда конкурстық рәсімдерді жүргізу, мемлекеттік сатып алулардың техникалық сипаттамаларын әзірлеу, атқарылған жұмыстардың есебін қабылдау, актілерге қол қою, бюджеттік өтінімдерді жасау және т.с. Сөйте тұра, нормативті құжаттармен жұмыс істеу және өз саласындағы жұмысты үйлестіру сияқты басты міндеттеріне қажетті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Бірқатар қызметкерлер мен бөлімшелерде функциялардың қайталануы мен қарама-қайшылықтар анықталды. Құрылымдық бөлімшелердің жүктемелерін талдау да осындай сәйкессіздіктердің көп екендігін көрсетті», – дейді ол.

Сонымен қатар, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің бір қызметкерінің жүктемесі басқа сервистік департаменттегіден 7 есе артық екенін де айтты.
Аталған мәселелерді шешу үшін министрліктің құрылымында бірқатар өзгерістер орын алмақ. Министрдің сөзінше, бұдан былай мемлекеттік сатып алу, орындалған жұмыстардың актілерін қабылдау, бюджетті игеру, техникалық сипаттамаларды жасау сияқты міндеттер қаржы департаментіне жүктеледі. Бюджеттік өтінімдерді әзірлеу мәселелерімен алдағы уақытта бюджеттік жоспарлау департаменті айналысады. Вице-министрлер мен салалық департаменттер тек қана өз бағыттары бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен осы салалардағы қызметті құқықтық қамтамасыз ету және үйлестірумен шұғылданады. 

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитет болып қайта құрылады. Осыған орай, комитеттің миссиясы мен міндеттері өзгергелі тұр. Ендігі міндет – тәртіп бұзушылықты тексеру мен анықтау ғана емес, сонымен бірге әдістемелік көмек көрсету.

«Өйткені, мақсатымыз – тексеру емес, сондықтан комитет қандай сыныпта, қандай тақырып бойынша, қай жерде кемшін тұс, түйткілді жерлер бар екенін көрсетіп, осы мәселені шешу үшін егжей-тегжейлі ұсыныстар беретін болады», – деді А.Аймағамбетов.

Мектепке дейінгі және орта білім департаменті қызметкерлерінің саны басқа бөлімшелердің жұмыскерлерінің есебінен артып, мектепке дейінгі және орта білім комитеті болып құрылмақ.

Бұл ретте министрліктің жалпы штат саны артпайды, керісінше бос жұмыс орындары есебінен біраз қысқарту жоспарланған.

Сондай-ақ, министрлік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында оларды курстарға және магистратурада оқытуға жіберу жөнінде арнайы бағдарлама дайындап жатқанын жеткізді.

«Өзгерістер әдетте адамдарды жайлы орыннан қозғайтыны белгілі. Дегенмен, бизнес-үдерістері, лауазымдық нұсқаулықтар және әрбір бөлімше мен қызметкердің функционалы нақты айқындалып, негізгі басымдықтар мен міндеттердің дұрыс қойылуына, өз кезегінде жұмысымыздың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін», – деп жазды министр өзінің facebook-тегі парақшасында.

Хабар 24 телеарнасы