428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұғалімдер енді біліктілік тестілеуіне кіргенде металл іздегішпен тексерілмейді - Аймағамбетов

  • 865
  • UPD: 16:06, 21.10.2019
Мұғалімдер енді біліктілік тестілеуіне кіргенде металл іздегішпен тексерілмейді - Аймағамбетов zakon.kz

Енді қазақстандық мұғалімдерді біліктілік тестілеу тапсыруға кіргенде металл іздегіштермен тексермейтін болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

 «Ұлттық біліктілік тестілеуіне кіру кезінде мұғалімдерді тексеріп кіргізетін. Бұл жүйкеге әсер ететіні белгілі. Біз осы орайда мұғалімдерге сенім арту қажет деп ұйғардық. Сондықтан осы қараша айының басында аттестациялық тестілеу өткізгенде тінтіп, тексеріп кіргізу, металліздегіш қолдану болмайды. Мұғалімдер өздері кіріп, орындарына отыра береді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Осылайша мұғалімдерге сенімділік танытуды жөн санайтынын айтып өтті. Дегенмен мұғалімдер тестілеу кезінде рұқсат етілмеген заттармен ұсталатын болса, оны қолданса да, қолданбаса да тестілеу нәтижесі жойылатынын айтып өтті.

Сонымен қатар тестілеу сұрақтарын апелляцияға беру мәселесіне де тоқталды.

«Егер мұғалім белгілі бір сұрақты апелляцияға беріп, ол сұрақтың расымен де қате екені анықталса, ол балл тек сол мұғалімге ғана емес, апелляцияға бермегеніне қарамастан осы сұраққа дәл солай жауап берген басқа да мұғалімдерге балл қосылып беріледі», - деді.

Сондай-ақ енді қазақстандық мұғалімдер ұлттық біліктілік тестілеуіне қатысу үшін электронды үкімет арқылы тікелей өтініш тапсырып және жеке кабинетте өзіне ыңғайлы күнді таңдап, тестілеуге қатыса алатынын да айтып өтті. Ал осыған дейін тестілеуге өтініш беру үшін мұғалімдер бірінші мектеп директорына өтініш тапсыратын.

Айта кетсек, елімізде мұғалімдер ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыру арқылы біліктілігін арттырып, соған сай еңбек ақыларын 30-50 пайыздық мөлшерде арттыруға мүмкіндіктері бар.

Автор: Д.Доспан

Хабар 24 телеарнасы