387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде бастауыш білім 5 жыл бойы оқытылатын болады

  • 337
  • UPD: 21:43, 21.10.2019

Мектептегі бастауыш сыныптар енді 4 емес 5 жылдық болмақ. Осылайша оқу орындары 12 жылдық білім беру жүйесіне толыққанды көшеді. Бұл мәселе бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында айтылды.

Министр Асхат Аймағамбетов елдегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асуы туралы баяндады. Ұзын ырғасы 3 сағатқа созылған алқалы жиында 12 жылдық білім беруге қатысты сын айтылды. Әуелде 2019 жыл деді. Одан соң 2020-ға қалдырды. Енді 12 жылдық білім беруге толыққанды көшу 2021-ші жылға жоспарланып отыр. Аталған реформа «5+5+2» қағидаты бойынша жүзеге аспақ. 

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ол деген сөз бастауыш бұрын төрт класс болып келсе енді қазір бастауыш бес жылдық болады. 5 жылдық болғасын 5+5+2 болғасын толыққанды 12 жыл болады. Бұл бәрі дұрыс. Ал, енді қарасаңыздар  бұрын нөлдік классты оқып жүрген балалар мектепте де жүретін балабақшада да жүретін. Ал енді 2021 жылдан бастап бірінші сыныптың балалары ол толық мектепте болады. Осыған байланысты қазір елімізде 3 маусымдық мектептер мен апатты мектептердің мәселесі шешілмей жатыр ғой. 

Елде апатты жағдайда 36, үш ауысыммен жұмыс істейтін әлі 125 мектеп бар. Елордада, Алматы мен Шымкентте сынып ішінде оқушылар тым тығыз отырып, оқуға мәжбүр. Ал 12 жылдық білім беруге жаппай көшкенде жағдай не болмақ? Министр «бұл өткір проблема шешіледі» деді. Қалайша? Біріншіден, мемлекет тарапынан қаржыландыру арқылы жаңа мектептер салынбақ.  

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Екіншіден, ол жекеменшік серіктестік арқылы осы мәселені шешу. Бұл мәселе бойынша біз жан басына қаржыландыру дайындадық. Сол бойынша биылғы жылдың өзінде  50 шақты мектептер жекеменшік әріптестіктің арқасында салынып жатыр. 

Талай уақыттан бері дау болып келе жатқан тағы бір жәйт оқулықтардың сапасыздығы. Арнайы кадрлар жоқ. Тиісінше орта білім ақсап тұр. Бұл жөнінде бүгін Бекболат Тілеухан ашына-ашына сөйледі. Тіпті «депутаттығымнан кетемін де, министр Асхат Аймағамбетовке көмекші болам» деді. 

Қазір мұғалімдік мамандығына оқып жатқан жастар барынша негізгі пәндерін меңгеруге уақыт бөлген жөн. Әйтпесе кей коледж, университтерде педагогикаға қатысы жоқ сабақтар өткізіледі. «Кітаптардың сапасы жөнінде кәсіптік яки жоғары оқу орындарында арнайы дәріс болғаны жөн екен. 

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Қорған бұл менің субъективті жеке басымның ғана пікірі емес. Оқулық шығару жүйесін жөндеу керек. Сондықтан мына қазір Болон жүйесі басқа жүйе, Кембридж мембридж деп шапқылап жүр ғой. Мұның бес тиынға қажеті жоқ.  Нақты сіз ата-ана ретінде өзіңіздің балаңыздан негізі жақсы білім талап етуіңіз керек. Ал, білім талап ету үшін жүйе барынша күрделі емес, түсінікті болу керек. 

Қорған Төреқожа, тілші

- Мектептердің бәрі бірдей интернетпен қамтылмаған. Қосылғанның өзінде кей оқу орындарында ғаламтор желісінің жылдамдығы 4 мегабит жетпейді де. Өзі басқарып отырған білдей саланың кемшін тұсын жасырмай сөйлеген министр талайдан бері жыр болған әліппе қашаннан бастап оқытылатынын айтты. Сонымен 2021 жылдан бастап латын әріпімен бірге Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде жасалған әліппе мектеп бағдарламасына енгізілмек. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы