387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жиынтық бағалау баланың жеке қабілетін ашуға көмектеседі – ұстаздар

  • 246
  • UPD: 20:34, 22.10.2019

Ал шымкенттік ұстаздар қауымы «жаңартылған оқу бағдарламасы мұғалімге де, оқушыға да тиімді», - дейді.

Жоспар бойынша білім берудегі бағалау жүйесі жыл соңына дейін барлық сыныпқа енгізіліп болуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкенттегі №35 орта мектептің ұжымы жаңа бағдарлама енгізілгелі оқушылардың білімге деген құштарлығы артқанын айтады.

Айнұр Беркінбаева – Мәншүк Мәметова атындағы №35 орта мектептің жоғары санатты мұғалімі. Ұстаздар арасындағы жергілікті және республикалық байқауларда жүлделі орыннан көрінген. Бүгін оқушыларының білімін пысықтау үшін тоқсанды қорытындылауда. Айнұрдың айтуынша, жаңартылған білім мазмұны бойынша оқушылардың сұраққа берген жауаптары жан-жақты.

Айнұр Беркінбаева, 35 мектеп мұғалімі:

Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқушылардың білімінің, ой-өрісінің шарықтауына өте көп тиімді екеніне практика, жұмыс жасау барысында көзіміз жетті. Себебі бұрын оқушылардың барлық білімі белгілі бір қалыпқа салып берілген болса, қазір нақты жауап жоқ, ол оқушының ой-өрісінің шарықтауына байланысты. Әр баланың жеке қабілетін ашуға көмектеседі.

Білім ордасында 2 мыңнан астам оқушы 2 ауысыммен оқиды. Биылғы 10-сынып алғаш рет жаңартылған бағдарламаға көшіп отыр. Ұстаздар қойған сұраққа оқушылар жалғыз жауаппен құтылмай, әрбірі өз ізденісіне қарай оқулықта жоқ тың ақпаратпен бөлісуді құп көреді. «Осы арқылы балалар өздерін жаңа қырынан тануға мүмкіндік алып, сын тұрғыда ойлана алады», - дейді мұғалімдер.

Тимур Кунчак, 10-сынып оқушысы:

Жалпы жаңадан бағдарламаның қосылғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі біз баяғыда бақылау жазатын кезде, мұғалім сұрақ қойған кезде дұрыс жауапты бірден қайтару керек едік. Ад жаңартылған бағдарлама бойынша біз жалпы өз ойымызды толық жеткізіп айтамыз.

Жібек Қайратқызы, 10-сынып оқушысы:

- Бұрынғы бағалау жүйесінде 2 қойылатын, ал қазіргі бағалау жүйесінде 2 қойылмайды. Біз оқушылар өзіміздің ойымызды қазір нақтырақ жеткізе аламыз. Бұрын бір ғана жауаппен шектелсек, қазір бірнеше жауапта айтсақ болады.

Ал өмірінің едәуір бөлігін ұлағатты ұстаздық қызметке арнаған және біраз жыл қалалық білім басқармасы басшысы қызметін атқарған Жанат Тәжиеваның айтуынша, қазіргі таңда мектептерде бұрынғыдай баға қою жүйесі, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын тоқырауға әкелуі мүмкін.

Жанат Тәжиева, қалалық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы:

- Жаңартылған білім мазмұнына бүгінгі күні біздің Қазақстан Республикасында 11-сыныптан өзге сыныптардың бәрі толығымен өтті деп айтуымызға болады. Бүгінгі талапқа сәйкес ақпараттандыру заманында оқушыларымыздың ойы бүгінде өзгеше қалыптасып, интернет жүйесіне шығу арқылы бүгінгі күні біздің балаларымыз ол кездегі оқушылармен салыстырғанда әлдеқайда алға қарай дамыған.

Әлбетте, сын түзелмей мін түзелмейтіні рас. «Отандық білім саласына қатысты айтылып жатқан сындарды Білім және ғылым министрлігі де назардан тыс қалдырмауға тырысып жатыр», дейді тәжірибелі маман.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы