388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұңғыш Президент – Елбасы қоры британдық ғалымдармен бірлескен жобалар жасауға ниетті

  • 206
  • UPD: 09:15, 26.10.2019

Тұңғыш Президент - Елбасы қоры мен британдық ғалымдар білім беру саласында бірлескен жобалар жасауға ниетті. Қор делегациясы Біріккен корольдікке барып, Британ Кеңесінің, Кембридж университеті ғылыми және білім беру орталықтарының, Қазақстан-Британ қоғамының басшылығымен, сондай-ақ Лордтар палатасының мүшелерімен бірқатар келіссөз жүргізді. 

Тұңғыш Президент – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев британдықтарға Нұрсұлтан Назарбаевтың екі жаңа бастамасы туралы баяндап берді. Біріншісі - «Ел үміті», бұл талантты балалар мен жастарды табу және қолдау бойынша жаңа жүйе. Екіншісі - «Қамқорлық», мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға бағытталған бастама. Бағдарламалар өскелең ұрпаққа жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады және әлеуметтік лифт жүйесі қызметін атқарады. Ұлыбританияда мұндай білім беру бағдарламалары өте көп және Қор олардың тәжірибелері мен жұмыс істеу механизмдерін тереңірек зерттеуді жоспарлап отыр.

Боб Стюарт, Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасының депутаты: 

- Президент Қорының жұмысындағы басты мақсат - жастарды демеу. Мен де Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі Жалпыпартиялық парламенттік топтың басшысы болған кезден бастап, бұл идеяны қолдап келемін. Сіздің еліңіз ұлы держава ретінде қалыптасу жолында. Сондықтан болашақта Қазақстанды әлемге танытатын білімді жастарға көңіл бөлу өте маңызды.

Кездесу аясында Кембридж университетімен меморандумға қол қойылып, білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының жеңімпаздары мен лауреаттарының стартап-жобаларын қолдау туралы келісімге қол жеткізілді. Мықты ғалымдарымен танымал Кавендиш зертханасы, робототехника және инженерия орталықтары қазақстандық жастарға практикалық жұмыстар жасау үшін өз бөлмелерін ұсынуға әзір. Айта кету керек, дәл осы жерден 34 Нобель лауреаты шыққан. 

Николас Рэй, Кембридж Университетінің құрметті профессоры:

- Мен 20 жылдық тарихы бар Кембридж Орталық Азия форумы атынан делегацияны қарсы алуға қуаныштымын. Біз көппәнді жоғары оқу орнымыз. Тек ғылымға ғана емес, сонымен қатар даму саласындағы зерттеулермен де айналысамыз. Қормен барлық бағыттар бойынша ынтымақтасуға дайынбыз.

Сондай-ақ Қор делегациясы ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық және әлеуметтік оңалту, сондай-ақ инклюзивті білім беру мәселелері бойынша кездесулер өткізді. Тағы бір басқосу «Chatham House» талдау орталығының қабырғасында ұйымдастырылды. Ол Пенсильвания университетінің жаһандық ондығына кіретін өте беделді «ми орталықтарының» бірі. Тараптар "Chatham House" және Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Халықаралық экономика және саясат институтымен ынтымақтастық орнатудың әлеуетін талқылады.

Аннет Бор, «Chatham House» корольдік зерттеу орталығының сарапшысы: 

- Тұңғыш Президент Қоры жанында әлемдік экономика және саясат институты жұмыс істейді. Мен ол жерде әртүрлі мәселелер бойынша іссапарда болдым. Біз сіздердің «ми орталықтарыңызбен» әлемдік экономика және халықаралық қатынастар мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер салаларында жұмыс істеуге қуаныштымыз. 

Айта кету керек, Тұңғыш Президент - Елбасы Қоры халықаралық әріптестікті дамыта отырып, ғылыми-зерттеу қызметімен айналысу мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан бері ЮНИСЕФ, Испания Үкіметі жанындағы Азия Үйі, Korea Foundation, Гоя Жапон әлемдік қоры, Герман академиялық алмасулар қызметі сияқты ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы