388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы іргесіндегі Еңбек ауылында балалар сабақты дәлізде оқып жүр

  • 85
  • UPD: 20:33, 08.11.2019

Алматының іргесіндегі Еңбек ауылына жаңа мектеп керек. Мұнда қазір тек бастауыш сыныптар ғана бар.  Оның өзінде  балалар кешкі сағат алтыға дейін екі ауысымда оқуға мәжбүр. Ғимарат тар. Тіпті  кей сабақты бұғанасы қатпаған балалар мектептің дәлізінде оқуға мәжбүр.

Еңбек аулындағы номері 33-бастауыш мектеп 35 жыл бұрын салынған. Ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары 20 жыл бұрын жүргізіліпті. Қазір білім шаңырағында 72 бала екі ауысымда оқиды. Бала саны жыл сайын артып жатқаны қуантады. Бірақ олар оқитын сынып жеткіліксіз. Сондықтан дене шынықтыру пәні дәлізде өткізіледі.

Айгүл Жұматбекова, ауыл тұрғыны:

- Класқа симайды балалар. Содан кейін спортзал жоқ, столовый жоқ. Содан біздің балаларымыз қағылып жатыр.

Бастауыш мектепте 10 мұғалім жұмыс істейді. Олар да ауылда жаңа мектептің тезірек салынуын қалайды. Бірақ, бұл мәселенің айтылғанына біраз жыл болған. Ал ауылдағы өзге балалар бұл елді мекеннен 4 шақырым жердегі Жетіген ауыландағы орта мектепке қатынап оқуға мәжбүр. Оларды апарып, алып келетін арнайы көлік бөлінген. Ал Іле аудандық білім бөлімінің мамандары  Еңбек ауылында жаңа мектептің салынуы облыс әкімдігінің құзыретінде дейді. 

Қаламқас Сәрсенбаева, Іле аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі күнде Жетіген ауылдық округіндегі Еңбек ауылынан жер телімі мектеп құрылысына қарастырылды. 450 орындық 3 гектар жер телімі. Бүгінгі күні рәсімделу үстінде. Осы жер телімі құжаттары дайын болуына байланысты жобалау құжаттамалары тапсырылатын болады.

2 мыңға жуық халқы бар Еңбекте мектеп жасына дейінгі бала саны  200-ге жуықтаған. Демографиялық өсім жақсы. Алайда ауылда балабақша да жоқ. Ал алдағы уақытта жобаланған 450 орындық мектеп құрылысы басталмаса балалардың тар мектепке сыймасы анық. Жалпы келесі жылы Іле ауданында 4 жаңа мектеп салынады деп жоспарланған. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы