384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық студенттер стипендияларын ала алмай жүр

  • 215
  • UPD: 08:37, 19.11.2019

Маңғыстау облысында 2022 жылға дейін жеті бірдей жатақхана пайдалануға берілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың алтауы Ақтауда, соңғысының құрылысы Жаңаөзенде жүріп жатыр. Жалпы аумағы 2600 орынға лайықталған кешен құрылысы уақытында аяқталса, жастар сұранысын толық жабады деп күтілуде. Қазір студенттерді мазалап тұрғаны –қазан айына берілетін стипендияның кешігуі. Жауапты мамандар мәселені осы аптада шешуге уәде беріп отыр. Айтуларынша, бұл жағдайға биылғы бюджетке түзетулер енгізілуі себеп.

Облыс орталығында тұрған өнер колледжінің студенттері биыл жаңа жатақханаға кірді. Төрт қабатты ғимарат барлық талапқа сай жабдықталған. Жарық әрі кең бөлмедегі жайлы кереуеттің бірі Атырау өңірінің тумасы Айзада Нұрланға бұйырды. Өткен жылы құрбыларымен пәтер жалдап келіпті. Қазір стипендиясын өзіне қажеттіні алуға жұмсап жүр.

Айзада Нұрлан, студент:

– Бізде үйде екі студент бар. Апам да оқып жатыр. Ата-анама екі студент қиын болды. Енді қазір бізге жатақхана берген соң менің жағдайым жеңілдей бастады. Ең біріншіден, бізге жатақхана бергеніне ата-анам қуанышты болды. Енді мен стипендиямды пәтерге емес, өзіме қажетті заттарға жұмсайтын болдым.

Енді кешіккен стипендияға келсек. Екі жүзге тарта студент қазан айының шәкіртақысын әлі алған жоқ. Берешек 2 млн 200 мың теңге осы апта ішінде төленуі тиіс. Жауаптылар бұл жағдайды еңбек нарығында сұранысқа ие болашақ мамандар санының өсуімен түсіндіреді. Былтыр олардың қатары 157 болса, биыл 21 адамға көбейіп отыр.

Гүлнар Қайырлиева, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Сұраныс жоғары мамандықтарға көңіл бөлінуіне орай жаңадан төлемақы белгіленді. Олардың қатарында анестизиолог секілді өңірде тапшы медицина мамандары бар. Қазіргі уақытта бюджет түзетіліп, экономикалық жоспарлау бөліміне жолданды. Яғни, қазан айына стипендия осы аптада берілуі тиіс. Жылдың соңғы екі айында мұндай мәселе болмайды деп ойлаймын.

Айта кетейік, бір студентке белгіленген степендия көлемі 12 мың 265 теңгені құрайды. Осы жылдың қыркүйек айын қоса алғанда грантпен түскендердің оқу ақысы мен шәкіртақысына қала қазынасынан 112 млннан астам теңге жұмсалған.

Авторлары:Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.

Хабар 24 телеарнасы