422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО ақпараттық технология сыныптарын ашу бойынша елімізде көш басында тұр

  • 1204
  • UPD: 11:52, 17.12.2019

Шығыс Қазақстан облысы ақпараттық технология сыныптарын ашу бойынша елімізде көш басында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта биыл барлық мектеп жаңа модификациялық компьютерлермен және интерактивті панельдермен қамтылды. Өлкеде қазір 650-ге жуық IT-сынып жұмыс жасап тұр. Онымен қатар дарынды балалар үшін «Жастар TIME» инновациялық орталығы ашылды. Тіпті мектепке дейінгі мекемелер де жаңа технология әдістерін еркін қолдануда.

Бүгінгі күні өңірде ақпараттық технология ағымынан қалыс қалған мектеп жоқ деуге болады. 648 білім ошағының барлығында осындай игіліктер бар. Сондықтан оқушылар 3D модельдеу, бағдарлама жасау, роботты техникаларды құрастыру сынды шаруалармен жақсы таныс. Осы бағытты мықты меңгергендердің бірі – «Мамандандырылған IT лицей». Білім ошағының оқушылары инновациялық интелектуалдық сайыстарға белсене қатысып, талай грантты иеленіп келеді. Солардың бірі – Владислав Волостнов. Ол жол көлік қозғалысын анағұрлым қауіпсіз ету үшін арнайы робот құрап, 600 мың теңге грант иеленді.

Айтуынша, жол шетіндегі адамды байқаған кезде ғана іске қосылып, көлік жүргізушілеріне ақпарат көрсетеді. Күн батареясымен де, электр қуатымен де жұмыс істейді. Жас өнертапқыш бұндай жобамен бекер айналыспаған екен.

Владислав Волостнов, IT мектеп-лицейінің оқушысы:

- Өскемендегі көшелердің бірінде бір үлкен кісіні көлік қағып мерт қылды, содан көп ұзамай анасымен кетіп бара жатқан баланы көлік қағып кетті. Осы жағдайлардың барлығы маған қатты әсер етті. Осылайша, реттелмейтін жол бөлігіне арналған осы роботты құрылғыны жасап шығардым.

Алдағы уақытта Владислав жобаны іс жүзінде тексеріп,оны қолдану тетіктерін қарастырмақ. Лицейде бұдан өзге, оқушылардың денсаулығын бақылауға арналған Педитар жобасы және «Абай дана, Абай дара» атты 3D тур жобалары жасалуда.

Ержан Әуезов, IT мектеп-лицейінің робототехника мұғалімі:

- Біздің оқушыларымыз роботты техника үйірмелеріне өте қызығады, өйткені чемпионат өткен кезде балалар демалыс күндерінде де, мектепке кеп жүреді.

Ақпаратты технологияға ден қоюшылардың артуынан болар, өңірде жақында «Жастар TIME» инновациялық орталығы ашылды. Ол жерде дарынды балалар білімдерін шыңдайды. Тапсырмалар мектеп бағдарламасын қайталамайды.

Сергей Коваленко, «ШҚО Өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының» директоры:

- Бұрынғы жылдары теориялық тапсырмаларға көп көңіл бөлетін еді. Қазіргі бағдаралам бойынша көбінесе практикаға көп көңіл бөлінеді. Инновациялық орталықта білім алған балалар ең замануи бағдарламаларды игеріп, тіпті болашақта белгілі бір мамандық түрін де алып шығуы әбден мүмкін. 2D, 3D модельдеу монтаж жасау сынды бағыттарға үйренеді.

Сандық технология мектепке дейінгі мекемелерге де жат емес. Мәселен «Арман» балабақшасының тәрбиешілері мен мұғалімдері кішкентай балаларды интерактивті тақтамен жұмыс жасай білуге әліден баулуда. Бұл бүлдіршіндердің зейінін ашып, білімқұмарлығын арттырады. «Кейін мектеп табалдырығын аттаған балабақша баласы ол ортадағы ақпарттық технология дәрістеріне тез үйренеді», - дейді олар.

Адиля Раисова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Балалар көзбен көреді, құлақпен ести алады, қосымша көрнекіліктер арқылы жаңа берілген тақырыпты жақсы меңгеріп алады. Даярлық мектебіне барған кезде бұлар интерактивті тақтаны жетік меңгеріп, қалай қолдауын біледі.

Ал 35 жылдық өтілі бар осы балабақша директоры Айгүл Қырықбаева өзі жас ұстаз болып келген жылдары бұндай игіліктердің болмағанын айтады. Сондықтан білім беру жүйесінің  заман талабынан қалыспай дамуы – тәуелсіз жылдардың үлкен жетістігі, мемлекеттің айырықша қамқорлығы деп санайды.

Айгүл Қырықбаева, №9 «Арман» балабақша-бөбекжайының директоры:

- Салыстырмалы түрде айтсақ, тәуелсіздігімнің көк байрағы желбірегелі міне, өскелең жас ұрпақ, жас жеткіншектер үшін елеулі істер атқарылып жатыр. Оның ішінде жас педагогтарға қосымша қамқорлықтар жасалып жатыр. Міне, тәуелсіздік мерекесіне орай 1-2 миллион қаржы бөлініп, Үкімет тарапынан балабақшада роботты техника кабинетін ашуға әзірленіп жатырмыз.

Осылайша, енді біраз уақыттан соң осы кішкентай балалар да робот техника негіздерін үйрене бастайды. Мұғалімдер де арнайы курстан өтіп, дәріс беруге әзірленуде. Жалпы соңғы үш жылда облыстың білім беру саласын дамытуға 337 миллард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ал осы уақыт аралығында өңірде 117 дарынды бала түрлі чемпионатта алтын, 400-ге жуығы күміс және қола медаль иеленген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы