376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысы Тайтөбе ауылындағы мектепте сабақ толығымен ағылшын тілінде өтеді

  • 239
  • UPD: 23:12, 17.12.2019

Еліміздің кейбір мектептері толықтай ағылшын тілінде сабақ беруге кірісті. Химия, физика, биология сияқты пәндер жоғарғы сынып оқушылары үшін шет тілінде өтіп жатыр. Бастама ә дегеннен сәтті жүзеге асты дейді мамандар. Тіпті шалғай ауылдардың өзі жобаны қолдап, бірден игеріп алып кеткенін алға тартады. 

Аслан Қаженов, тілші:

- Жаратылыстану пәндерін жаппай ағылшын тілінде оқыту туралы бастама көтерілгенде көпшілік оған күмәнмен қараған еді. Әсіресе осындай ауылдық жерлерде оның қажеті қанша дегендер табылды. Бірақ соған қарамастан соңғы 3 жылдың көлемінде мыңдаған мұғалім біліктілігін жетілдіріп өткен жылы қалаларда, ал биыл ауылдарда жаңа жоба бойынша білім беруге кірісті. 

Ақмола облысы. Тайтөбе ауылы. Жергілікті орта мектепте кейбір пәндер шет тілінде өтетіні жайында бұрыннан айтылып жүр еді. Ал нақты қадамдар биыл жасалды. Яғни арнайы бағдарлама бойынша біліктілігін жетілдірген биология пәнінің мұғалімі балаларды жаңа әдістемемен оқыта бастады. Айтуынша, ешқандай ауыртпалық жоқ. Оқушылар бастаманы үлкен ынтамен қабылдаған. Ата-аналары да дән риза. 

Қуанар Ізбасқанова, биология пәнінің мұғалімі:

- Балалар терең білім алып, жалғыз ағылшын тілін ғана емес, биологияны ағылшын тілінде оқуды үйреніп жатыр. Мысалы, биологияда әртүрлі термин сөздер бар. Термин сөздерді үш тілде қазақша, орысша, ағылшынша аударып, үйреніп жатыр. Бұл тиімді жағы деп ойлаймын.

Бұл бір мысал ғана. Дәл осылай еліміз бойынша соңғы 3 жылда 7 мыңнан аса оқытушы біліктілігін жетілдірді. Яғни, отандық мамандар  ойлап тапқан әдістеме кезең-кезеңмен жүзеге асып, мұғалімдер А1, А2, В1, В2 деңгейлері бойынша сертификаттар алды. Осылайша еліміздегі мектептер шет тілінде сабақ бере алатын ұстаздармен толық қамтылды. Бірақ, жұмыс бұнымен бітпейді. Енді «Ұстаз» орталығының мамандары алдағы оқу жылы бойы оның іс жүзіндегі көрінісін бақылап, білім ордаларына барып, қажетті көмектерін беріп, мұғалімдерді сүйемелдеумен айналысады. 

Алмас Мұқанов, кәсіби білім беру орталығының директоры:

- Осы жаратылыстану және математика пәндері ағылшын тілінде өткізу барысында қиыншылықтар болғандықтан осы мұғалімдерге менторлық көмек қолдау керек екені анықталып, 2 жыл болды осы менторлық жобаны ж.ргізіпж атқанымызға. Былтыр осы курстан 4500 тыңдаушы өтсе, биыл 3 мыңнан аса. Жалпы бүгінге дейін тілдік курстардан 7,5 мың тыңдаушы өтсе, менторлық курстан да 7,5 мың тыңдаушы. 

Осылайша бас-аяғы 15 мыңға жуық тыңдаушы арнайы курстардан өтіп, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде білім беріп жатыр. Айта кету керек, ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздарды ынталандыру үшін қосымша ақы қарастырылған. Сондықтан, қызығушылық өте жоғары. Мәселен, Тайтөбе ауылында алдағы уақытта физика, химия және математика пәндері де шет тілінде оқытыла бастамақ. 

Мұсабек Досмағамбетов, тайтөбе ауылы орта мектебінің директоры:

- Балалардың қабылдауы жаман емес. Мұғалімдер былтырдан бастап 3 тілде оқытылады. Менторлары бар жеке. Әр тоқсанның каникулында арнайы курстан өтіп келеді. Кейін балаларға үйретеді. 

XXI ғасырдың педагогы. Дәл осындай атаумен қолға алынған бастаманың алғашқы қадамы сәтті жасалды деуге келеді. Бұдан былай болашақ мұғалімдер енді институт қабырғасынан осы әдістемені меңгеріп, жобаның ары қарай жалғастырып әкету керек. Сөйтіп Елбасының 100 нақты қадамында көрсетілген тапсырма толық орындалып, уақыттың талабы екені дәлелденіп отыр. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы