376,77 415,79 5,95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық педагог тамақ қалдықтарын өңдеу әдісін ойлап тапты

  • 202
  • UPD: 15:39, 18.01.2020

Қостанайлық оқытушы Наурызбек Бірмағамбетов тамақ қалдықтарын қайта өңдеудің жаңа биологиялық әдісін ұсынып отыр. Оқытушының айтуынша қиқымды қоқысқа тастамай, эко-құрттарды қоректендіру арқылы қоршаған ортаны ластанудан қорғауға болады. Новатор бұл жобасының болашақта сұранысқа ие боларына сенімді.

Вермикомпостер деп аталатын пластикалық ыдысты Наурызбек осыдан төрт жыл бұрын ойлап тапқан. Жер асты құрттары тіршілік ететін бұл қорапта жәндіктер тағам қалдықтарын иіссіз, зиянсыз жеп құртады. Соңынан оны тыңайтқышқа айналдырады.

Наурызбек Бірмағамбетов, оқытушы:

- Құрттарға көкөніс қалдықтарын беріп өсіріп жатырмын. Бұл жұмысымның үш түрлі бағыты, мақсаты бар. Біріншіден, үй жағдайында органикалық тыңайтқыш жасауға болады. Екіншіден, оқушыларыма пластикалық ыдыстағы процесті көрсетіп, көрнекі құралы ретінде пайдаланамын. Үшіншіден, қалдықтарды өңдеу, жою мәселесі. Қоқысты осы шағын ыдыста өңдеймін. Бірақ бастысы мұны үлкен іске деген алғашқы қадамым десе болады. 

Жоба авторы бұл құрттарды ұзақ зерттеген. Олар табиғи ортаға әу бастан осындай пайдасын тигізуге жаралған. Жәндіктер бөлетін тыңайтқыштарды көшетке, гүл отырғызуға пайдаланса болады. 

Дәмір Мінайдаров, оқытушы:

- Бұрын мұның не екенін білмедім, қазір әріптесімнің қасында жүріп үйрене бастадым. Түскі астың қалдықтарын арнайы ыдысқа жинайтын болдық. Егер экология тақырыбы қызықтырып, жер бетін қоқыстан тазалауға үлес қосамын десеңіз, осындай шағын істен бастауға кеңес берер едім.  

Бұл жәндіктердің табиғаттағы құрттардан біршама айырмасы бар. Мысалы, ашқарақтығы мен ұрықтану жөнінен алты есе асып түседі. Наурызбек бұл іспен айналысудағы бірінші мақсат - шәкірттерінің танымын кеңейту екенін айтады.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы