412,55 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда жетінші сынып оқушысы Абай өлеңдерін жатқа біледі

  • 563
  • UPD: 23:31, 09.02.2020

Павлодарлық 7-сынып оқушысы Абайдың өлеңдерін жатқа айтады. Кирилл Свиридов енді ақынның ғибратты қара сөздері мен өлеңдерін терең ұғыну үшін қазақша үйренбек. Өзге ұлт өкілінің ұлы ақынның шығармашылығына қызығушылығы неден туды?

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Кирилл Свиридовпен бірге оқитын 7-сынып оқушылары арасында Абай   шығармаларына   қызығушылық зор.  Олар ақынның кез келген өлеңін жатқа айтып береді. Ал мұғалімнің Абай туралы қойған сауалдарына мүдірмей жауап беруге тырысады. Бұл кездейсоқтық емес. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мәнзилә Төлеубаева арнайы курс ұйымдастырып, ұлы ақынның шығармаларын тереңдетіп оқытуды қолға алған.

Мәнзилә Төлеубаева, К. Макпалеев атындағы №4  мектептің  қазақ тілі және әдебиет  пәнінің мұғалімі:

- Абайды жай ғана оқып қоймай, жаттамай олар алдымен оны түсініп алып содан кейін барып жаттайды. Бір-бірімен жарысып жаттайды кім көп біледі деп. Соның ішінде озып шыққан біздің Свиридов Кирилл. Мен әрине көмектесемін. Бірақ өзінің еңбегі зор. Өзінің еңбекқорлығының арқасында, жауапкершілігінің арқасында, қызығушылығының арқасында ол 30 өлеңді жаттап алды.

Кирилл Свиридовтың Абай өлеңдеріне қызығушылығы 3-сыныптан басталған екен. Зерек оқушыны сыныптастары да үлгі тұтады.

Илья Красилов, К. Макпалеев атындағы №4  мектептің 7-сынып оқушысы:

- Кирилл біздің сыныпта өте жақсы оқиды. Ол 30 Абайдың өлеңдерін біледі. Ал мен 3 өлеңін білемін. Ол секцияларға барады, шахматқа, күреске. Мен 3 өлең білемін, бірақ көп жаттаймын. Себебі бұл өмірде өте керек.

Белсенді жас облыстық «Абай оқулары» сайысында 3 орын,  «Мың бала» жобасында Алғыс хатпен марапатталып, республикалық мәнерлеп оқу сайысында 3 орынға  ие болған.

Кирилл Свиридов, К. Макпалеев атындағы №4  мектептің 7-сынып оқушысы:

- Абай Құнанбайұлы. Ұлы ақын. Әлем ақыны. Мен Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жақсы көремін. Абайдың өлеңдері мені  адамгершілік, мейірімді, оқуға үйретеді. 

Отыз өлеңді жатқа айтатын Кирилл келешекте Абайдың қара сөздерінің мағынасын  түсінуге күш салмақ. Ол үшін данышпан Абайдың тілін  жетік меңгеруді армандайды. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы